×
471.04
538.54
6.17
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.04
538.54
6.17

«Еркіндік қанаты» Құрылтай сайлауын бақылаудан бас тартты

Бүгін, 10:10
«Еркіндік қанаты» Құрылтай сайлауын бақылаудан бас тартты
ашық дереккөзден

«Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауын бақыламайтынын мәлімдеді. Ұйым бұл шешімді «күрделі әрі амалсыз қадам» деп атады, деп хабарлайды ulysmedia.kz

Қордың хабарлауынша, 2016 жылдан бері Қазақстандағы бірде-бір сайлау науқанын бақылаудан тыс қалмаған. Алайда бұл жолы ұйым бірнеше себепке байланысты бақылау миссиясынан бас тартуға мәжбүр болғанын айтады.

Мәлімдемеде 2019–2022 жылдары басталған саяси реформалардың тоқырауы, бірмандатты округтер бойынша кандидаттардың болмауы, балама ұстаным ұсынатын тіркелген саяси партиялардың жоқтығы, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-қа қысымның күшеюі негізгі себептердің бірі ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар қор қолданыстағы құқық қолдану тәжірибесі бақылаушылардың сайлау учаскелеріндегі жұмысын шектейтінін және сайлауға қатысты даулар бойынша әділ сотқа жүгіну мүмкіндігі жоқ екенін алға тартты.

Ұйым 2019–2026 жылдар аралығында бақылаушылардың учаскелерден шығарылуы, кеңседегі интернеттің бұғатталуы, салықтық тексерулер, бақылаушылардың дербес деректеріне қатысты қысым және күштік құрылымдардың бақылаушылар қатарына жасырын ену әрекеттері тіркелгенін мәлімдеді.

«Еркіндік қанаты» сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген жаңа нормалар бақылаушылардың қызметіне қосымша қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

Осыған байланысты қор 23 тамыздағы Құрылтай сайлауына бақылаушыларды іріктемейтінін, оларды оқытпайтынын, куәлік бермейтінін және сайлау учаскелеріне жібермейтінін хабарлады.

«Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры 2015 жылы құрылған. Ұйым адам құқықтарын қорғау, азаматтық белсенділікті дамыту, сайлау мониторингі, зерттеу және құқықтық реформалар бағытында жұмыс істейді.