×
471.04
538.54
6.17
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.04
538.54
6.17

Астана – Алматы тасжолымен жүру ақысы жеті есеге дейін қымбаттайды

Бүгін, 12:40
Астана – Алматы тасжолымен жүру ақысы жеті есеге дейін қымбаттайды
ҚазАвтоЖол

Астана – Алматы бағытындағы автожолмен қатынайтын жүргізушілер енді әлдеқайда көп ақы төлеуі мүмкін. Көлік министрлігі Қарағандыдан Бурылбайталға дейінгі жол учаскесін ақылы жолдар тізіміне енгізді. Соның салдарынан бүкіл бағыт бойынша жол жүру құны шамамен жеті есеге дейін артады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұған дейін ақы Балқаш – Бурылбайтал арасындағы 91 шақырымдық учаскеде ғана алынатын. Енді ақылы жолдың құрамына Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал бағыты да енгізіліп отыр.

Өзгерістер Көлік министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 23 маусымдағы бұйрығымен бекітілді. Жаңа жүйеге сәйкес, Астана – Қарағанды – Алматы бағыты 18 тарифтік аймаққа бөлінеді. Әр аймақ үшін жеке жол ақысы белгіленеді. Тарифтер айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде есептеледі. Биыл 1 АЕК мөлшері – 4 325 теңге.

Министрліктің құжатына сәйкес, жолдың толық бағыты бойынша бір рет жүру құны көлік құралдарының басым бөлігі үшін шамамен жеті есеге дейін өседі. Бұл ақылы жол учаскесінің бірнеше есе ұзартылуына байланысты. Сонымен қатар жол ақысын алдын ала төлегендер үшін тариф кейін төлейтін жүргізушілерге қарағанда төмен болады.

Жергілікті тұрғындарға арналған айлық абонементтердің құны өзгермейді. Жеңіл көліктер үшін ол айына 2 АЕК, ал ауыр жүк көліктері үшін 10 АЕК болып қала береді.

ТЕГІН БАЛАМА ЖОЛ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір ақылы жолдың тегін балама бағыты болуы қажет. Егер бұрын жүргізушілер Қарағанды мен Талдықорған арқылы бір ғана бағытпен айналып өте алса, енді балама бағыт төрт түрлі жолдан тұрады. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдар да бар.

Дегенмен мұндай бағыттардың ұзындығы көбірек болуы және жол сапасы ақылы автожолмен салыстырғанда төмен болуы мүмкін.

КІМДЕР АҚЫ ТӨЛЕМЕЙДІ?

Баламалы жолы жоқ елді мекендердің тұрғындары бұрынғыдай жол ақысынан босатылады.

Жаңартылған тізімге Қарағанды облысындағы Сарышаған ауылы мен Приозерск қаласы енгізілді. Сондай-ақ жеңілдік Торанғалық, Шұбартүбек, Гүлшат, Тасарал, Сарышаған ауылдарының, «Гольфстрим» демалыс аймағының, Приозерск қаласының және Жамбыл облысындағы Қашқантеңіз, Мыңарал, Үлкен, Шығанақ, Бурылбайтал ауылдарының тұрғындарына қолданылады.