Ақмола облысының Шортанды ауданында әкімнің жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл қызметке 30 жастағы Айсұлтан Сейпелов келді. Кәдімгі кадрлық тағайындау сияқты көрінгенімен, оның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың ұлы екені көпшіліктің назарын аударды. Осыған байланыстыUlysmedia.kz редакциясы аудан әкімдігінен бұл туыстық байланыс туралы білген-білмегенін сұрады.
МАНСАП ЖОЛЫ
Айсұлтан Сейпелов жоғары білімді Канададағы университетте алып, әлемдік экономика мамандығын меңгерген. Кейін, 2022 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын «Бурабай Даму» компаниясының байланыс орталығында оператор болып бастаған. Кейін алты жыл бойы «Сейпіл Малик» шаруа қожалығын басқарған.
Биыл Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бөлімінің бас маманы қызметіне орналасқан. Ал енді Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
«МИНИСТРДІҢ ҰЛЫ ЕКЕНІН БІЛМЕДІК»
Әкім орынбасары лауазымына конкурс өткізген Шортанды аудандық әкімдігі конкурс кезінде Айсұлтан Сейпеловтің ауыл шаруашылығы министрінің ұлы екенін білмегенін мәлімдеді.
Әкімдіктің айтуынша, барлық рәсім Қазақстан заңнамасына сәйкес жүргізілген.
– Конкурс өткен кезде кандидат Сейпелов Айсұлтан Айдарбекұлының Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің ұлы екені бізге белгісіз болды. Үміткерлер заңнама талаптарына сәйкес бағаланып, олардың біліктілік талаптарына сәйкестігі мен конкурс кезеңдерінің нәтижелері ескерілді, – деп жауап берді аудан әкімдігі.
АРНАЙЫ ТЕКСЕРУ ӘЛІ ДЕ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Мүдделер қақтығысы болуы мүмкін деген сауалға әкімдік «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 22-бабына сәйкес жауап берген.
Оған сәйкес, мемлекеттік қызметке қабылданған адам туралы құжаттар 30 күн ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарына міндетті арнайы тексеруге жолданады. Бұл тексеру үш айға дейін созылуы мүмкін.
Осы уақыт ішінде мемлекеттік қызметші өз міндетін уақытша атқара береді. Егер арнайы тексеру қорытындысы теріс болса, онымен еңбек шарты заңнамаға сәйкес тоқтатылады.
Демек, Айсұлтан Сейпеловке қатысты арнайы тексеру әлі аяқталмаған.
МИНИСТРДІҢ ТУЫСТАРЫ БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ НАЗАРҒА ІЛІККЕН
Айдарбек Сапаровтың туыстарының қызметі мен бизнесі бұған дейін де қоғам назарында болған.
Министрдің ағаларының жеке шаруа қожалықтары бар және олар мемлекеттік субсидия алады. Ал күйеу баласы тұқым дайындаумен айналысатын компанияға иелік етеді. Бұл компанияның бірі кезінде 102 млн теңгенің мемлекеттік тапсырысын жеңіп алған.
Сондай-ақ министрдің қызы Сұлушаш Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жиеніне тұрмысқа шыққан.
Бұған дейін Айдарбек Сапаровтан мемлекеттік қызметте жүрген кезінде туыстарының аграрлық бизнесі мүдделер қақтығысын туындатпай ма деген сұрақ қойылған.
– Ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ. Олар өз жұмыстарымен өздері айналысады, мен олардың ешқайсысының құрылтайшысы емеспін. Жалпы, субсидияларды жергілікті деңгейде бөледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің оған қатысы жоқ. Бұл өкілеттіктердің барлығы облыс әкімдіктеріне берілген, – деген еді министр.
Осылайша, министрдің ұлы мемлекеттік қызметке келсе, басқа туыстары аграрлық кәсіппен айналысып келеді. Бұл жағдай қоғамда мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қаржыға қатысты жаңа сұрақтардың туындауына себеп болды.