«Байтақ» жасылдар партиясының кезектен тыс съезі жоспарланған сценарий бойынша өткен жоқ. Делегаттар сайлауалды бағдарламаны және Құрылтайға ұсынылатын кандидаттар тізімін бекітуге жиналған кезде, саяси бюро мүшелерінің бірі партия төрағасы Азаматхан Әміртаевты қызметінен босатып, жаңа төраға сайлау мәселесін көтеруді талап етті. Жиында микрофон өшіріліп, қатысушылар сөзге таласып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ТӨРАҒАНЫ ҚАЙТА САЙЛАЙЫҚ»
Азаматхан Әміртаев сөз сөйлеп тұрған сәтте сахнаға партияның саяси бюросы мен саяси кеңесінің мүшесі Асқар Иманәлиев көтерілді. Оның айтуынша, Құрылтай сайлауы алдында партияға өзгеріс қажет. Осыған байланысты ол съезд барысында төрағаны қайта сайлау мәселесін күн тәртібіне шығаруды ұсынды.
Иманәлиев өз ойын эмоцияға беріліп жеткізсе, Әміртаев оны мінберден шеттетуге әрекет жасады. Кейін олардың жанына съездің басқа қатысушылары келді. Иманәлиевтің микрофоны өшірілгенімен, ол сөзін жалғастырды.
– Барлық партия жаңарып жатыр. Президент реформалар жүргізу, партиялардың әлеуетін күшейту қажеттігін айтып келеді. Біз де осы мәселені күн тәртібіне қояйық. Егер делегаттар қазіргі төрағаны қолдаса, бұл оның ұстанымын одан әрі нығайтады. Бірақ бұл мәселені ашық әрі батыл талқылау қажет, – деді Асқар Иманәлиев.
КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН ЖАНЖАЛ
Оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Съезд өтетін залдың сыртында өзін партия мүшесіміз деген бірнеше адам ішке кіре алмай қалды. Кіреберісте олар күзет қызметкерлерімен сөзге келісіп қалған.
Соған қарамастан, делегаттар жұмысын жалғастырып, нәтижесінде «Байтақ» партиясы Құрылтай депутаттығына ұсынылатын 51 кандидаттың тізімін бекітті.