АҚШ Иран аумағына соққы жасады. Бұған Вашингтонның нұсқасы бойынша ирандық күштер шабуылдаған контейнер тасымалдайтын кемеге қатысты оқиға себеп болған. Бұған жауап ретінде Тегеран Ормуз бұғазын қайта жапқанын мәлімдеп, кез келген қарсы әрекетке қатаң жауап берілетінін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Кейінгі бірнеше күнде тараптар бір-біріне соққы жасап жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп атысты тоқтату режимінің енді күші жоғын айтты. Дегенмен ол жаңа келіссөздер жүргізуге болатынын айтты.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, зақымданған кеме - Кипр туымен жүрген M/V GFS Galaxy контейнер тасымалдаушысы. Кеменің машина бөліміне елеулі зақым келген, ал экипаж мүшелерінің бірі із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Ұлыбританияның теңіз саудасы орталығы экипаж кемені тастап, құтқару қайығына мінгенін хабарлады.
Ал Иран тарапы кеменің рұқсат етілмеген бағытпен жүргенін және ескертулерге құлақ аспағанын айтып, осыдан кейін ғана ескерту ретінде оқ атылғанын мәлімдеді.
Парсы шығанағы елдері де соққы астында қалды
Ирандық БАҚ елдің бірнеше портты қаласында жарылыс болғанын хабарлады. Кейін Ислам революциясы сақшылар корпусы Иорданиядағы әскери базада орналасқан басқару орталығы мен дрон ангарларына соққы жасалғанын мәлімдеді.
Осы уақытта Біріккен Араб Әмірліктері әуе қорғанысы күштері зымырандар мен ұшқышсыз аппараттардың шабуылын тойтарып жатқанын хабарлады. Катарда зымырандар ұстап түсірілгені айтылды, Бахрейнде әуе дабылы қосылды, ал Дохада жарылыс дыбыстары естілген.
Ормуз бұғазы жабық күйінде қалды
Тегеран АҚШ аймақтағы әрекетін тоқтатпайынша, Ормуз бұғазы жабық болатынын мәлімдеді. Соғыс басталғанға дейін бұл бағыт арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімдерінің шамамен 20 пайызы тасымалданатын.
Жаңа шиеленіске байланысты энергия бағасы қайта көтеріле бастады. Бұл инфляцияның үдеуі мен әлемдік экономиканың баяулауына қатысты алаңдаушылықты күшейтті.
Вашингтон теңіз жолын ашуды талап етіп отыр
АҚШ билігінің мәліметінше, Иранға соққы жасау туралы бұйрықты Дональд Трамп берген. Бұған дейін Вашингтон Тегераннан кемелерге шабуылды тоқтататынына ашық кепілдік беріп, Ормуз бұғазы арқылы еш кедергісіз өтуге жағдай жасауды талап еткен.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-ты атысты тоқтату туралы келісімді бұзды деп айыптап, кез келген уағдаластықты екі тарап та сақтауы керегін айтты.
Қақтығыс жалғасып жатса да, Оманның арағайындығымен жаңа келіссөз өткізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Алайда тараптар диалогқа қайта орала ма, жоқ па - әзірге белгісіз.
CNN дерегінше, Оман жағдайды реттеу жобасын ұсынған. Онда Ормуз бұғазының оңтүстік бөлігі арқылы еркін кеме қатынасын қамтамасыз ету, ал Иранның аумақтық суларына кіретін солтүстік бағытпен өтуге тек Тегеранмен алдын ала келісілген жағдайда ғана рұқсат беру қарастырылған.