×
464.71
531.26
6.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.71
531.26
6.05

АҚШ шабуылынан кейін Иран Парсы шығанағындағы елдерге соққы жасады

Бүгін, 14:52
АҚШ шабуылынан кейін Иран Парсы шығанағындағы елдерге соққы жасады
Ашық дереккөз

12 шілдеге қараған түні АҚШ Иранға қайта соққы жасағаннан кейін Парсы шығанағындағы бірнеше елде бірден әуе дабылы жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бахрейнде дабыл сиреналары қосылып, тұрғындарға сабыр сақтап, қауіпсіз жерге жасырыну туралы ескерту жасалды.

Біріккен Араб Әмірліктері әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылын тойтарып жатқанын хабарлады.

Қатар билігі де ел тұрғындарына жағдайдың қауіпті екенін ескертті. Халықтан үйден шықпау, терезелер мен ашық жерлерден алыс болу сұралды.

Дохада жарылыстар болды

AFP мәліметінше, Қатар астанасында жарылыс дауыстары естілген. Аспанда зымырандарды ұстап қалған әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жұмыс істеген.

Тұрғындарға қауіпсіз жерде қалу туралы шұғыл ескертулер келген.

Кейін Қатардың Қорғаныс министрлігі зымыран шабуылының сәтті тойтарылғанын мәлімдеді.

Иран АҚШ-тың әскери нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді

Ислам революциясы сақшылар корпусы Қатардағы АҚШ-тың Әл-Удейд әскери әуе базасына баллистикалық зымырандармен соққы жасағанын хабарлады.

Тегеранның мәлімдеуінше, шабуыл кезінде басқару пункті мен әскери ұшақтарға қызмет көрсететін орталық зақымданған.

Сондай-ақ, Ислам революциясы сақшылар корпусы Омандағы Дукм портына және Иорданиядағы Ханзада Хасан әскери әуе базасындағы нысандарға соққы жасалғанын мәлімдеді. Иран тарапының айтуынша, ол жерлерде АҚШ-тың әскери нысандары мен ұшқышсыз ұшу аппараттары болған.

Ормуз бұғазына да соққы жасалды

Иран Ормуз бұғазындағы тағы бір кемені істен шығарғанын хабарлады. Тегеранның мәліметінше, бұл - соңғы тәуліктегі осындай екінші жағдай.

Бұған дейін АҚШ әскері бір апта ішінде Иранға үшінші рет жаппай соққы жасаған еді.

АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, зымырандар мен дрондар орналасқан орындар, оқ-дәрі қоймалары, әскери-теңіз күштерінің нысандары және байланыс пункттерін қоса алғанда, шамамен 140 әскери нысанға шабуыл жасалған.

Бітім біржола бұзылды

АҚШ пен Иран 17 маусымда соғыс қимылдарын тоқтатуға келіскен. Алайда бірнеше күннен кейін жағдай қайта ушығып кетті.

Ормуз бұғазындағы азаматтық кемелерге шабуыл жасалғаннан кейін Вашингтон Иран аумағына соққы беруді қайта бастады. Ал Тегеран жауап шабуылдарын жалғастырды.

8 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған келісімнің енді күшінде емес екенін мәлімдеп, мұнайға қатысты санкциялардың қайта енгізілетінін хабарлады.

Reuters мәліметінше, жабық келіссөздер кезінде Иран өкілдері кемелерге жасалған соңғы шабуылдардың қате болғанын АҚШ тарапына мойындап, келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін білдірген.

Бұған дейін Air Astana Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшатын рейстерін тоқтатқан еді.