×
464.71
531.26
6.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.71
531.26
6.05

Бір миллион әйел мен қыз бала аса қажет көмектен қағылды - БҰҰ

Бүгін, 17:41
Бір миллион әйел мен қыз бала аса қажет көмектен қағылды - БҰҰ
БҰҰ мұрағаты

2025 жылдың басынан бері қақтығыс пен гуманитарлық дағдарыс аймақтарында тұратын кемінде бір миллион әйел мен қыз аса қажет көмектен қағылған. Бұл туралы БҰҰ-ның Әйелдер құрылымы («БҰҰ-Әйелдер») жариялаған жаңа баяндамада айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Зерттеу 52 елдегі әйелдер құқығын қорғайтын және оларға қолдау көрсететін 855 ұйымның мәліметіне негізделген.

Баяндама авторлары халықаралық қаржыландырудың бұрын-соңды болмаған деңгейде қысқаруы ең алдымен зардап шеккендерге көмек көрсететін ұйымдардың жұмысына қауіп төндіріп отырғанын айтады. Бұл ұйымдар ең қауіпті аймақтардың өзінде жұмысын тоқтатпай келеді.

«БҰҰ-Әйелдер» ұйымының мәліметінше, дәл осы ұйымдар зорлық-зомбылық құрбандарына, босқындар мен мәжбүрлі қоныс аударғандарға, балалы аналарға және оқуын жалғастыра алмай қалған қыздарға қолдау көрсетеді.

Көмекке мұқтаждар саны артып келеді

БҰҰ дерегіне сәйкес, бүгінде әлем бойынша шамамен 120 миллион әйел мен қыз бала гуманитарлық көмекке мұқтаж.

Сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 84 пайызы биыл көмек сұрап жүгінетіндердің саны артқанын айтқан.

Алайда олардың 90 пайызға жуығы қаржы мен ресурстың жетіспеуіне байланысты барлық мұқтаж адамға көмектесе алмайтынын мойындаған.

Ұйымдардың шамамен 40 пайызы алдағы бір жылда қаржы тапшылығына байланысты жұмысын толық немесе уақытша тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Көптеген қызметкер адамдарға көмектесу үшін жалақысыз еңбек етіп жүр.

Ұйымдардың тең жартысына жуығы қызметкерлер арасында эмоциялық қажу көбейгенін айтса, 88 пайызы көмек алып жүрген әйелдер мен қыздардың психологиялық жағдайы нашарлағанын жеткізген.

Пана орындары жабылып, зорлық-зомбылық көбейіп жатыр

Қаржының жетіспеуінен ұйымдардың жартысы жаңа адамдарды қабылдауды шектеуге немесе мүлде тоқтатуға мәжбүр болған.

Баяндамаға сәйкес, ұйымдардың 92 пайызы әйелдер арасындағы кедейліктің күшейгенін байқаса, 82 пайызы қыз балалардың мектепті немесе оқуын тастау жағдайлары жиілегенін хабарлаған.

БҰҰ әсіресе зорлық-зомбылықтың көбеюіне алаңдап отыр. Ұйымның мәліметінше, 2025 жылы қарулы қақтығыстарға байланысты жыныстық зорлық-зомбылық деректері екі есе артқан.

Сонымен қатар, қаржы тапшылығына байланысты әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары мен қауіпсіз баспаналардың көбі жабылып жатыр.

Әйелдердің құқықтарына қауіп төніп тұр

Баяндама авторлары қаржыландырудың қысқаруы тек гуманитарлық жағдайға емес, әйелдердің құқықтарын қорғауға да кері әсер етіп отырғанын ескертеді.

Қазір әр бесінші ұйым әйелдердің көшбасшылығын дамыту мен гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған жобаларын тоқтатқан.

Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы әйелдердің қоғам өміріне және маңызды шешім қабылдау үдерістеріне қатысуы азайғанын айтқан.

«БҰҰ-Әйелдер» халықаралық донорларды мұндай ұйымдарды қаржыландыруды жалғастыруға шақырды.

Ұйымның мәлімдеуінше, егер шұғыл қолдау көрсетілмесе, миллиондаған әйел мен қыз бала қорғансыз қалып, медициналық көмекке, білім алуға және қауіпсіз баспанаға қол жеткізе алмай қалуы мүмкін.