×
464.71
531.26
6.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.71
531.26
6.05

ERG екі бөлек компанияға бөлінуі мүмкін

Бүгін, 10:00
ERG екі бөлек компанияға бөлінуі мүмкін

Алдын ала мәлімет бойынша, Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының ортақ иелері бизнесті екі бөлек компанияға бөлуді қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Bloomberg агенттігінің жазуынша, ERG иелері Қазақстандағы және шетелдегі активтерді әртүрлі заңды тұлғалардың басқаруына беру арқылы бөлуді жоспарлап отыр. Қазақстандағы темір кені, феррохром және алюминий кен орындарынан бөлек, ERG-дің Африка мен Бразилияда да активтері бар.

Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша, ERG-дің қазақстандық және халықаралық активтерін негізгі акционерлер – Шухрат Ибрагимов пен Шахмұрат Мүтәліп өзара бөлісуі мүмкін. Алайда компания әзірге мұндай келіссөздердің жүріп жатқанын ресми түрде растаған жоқ.

– ERG-ді бөлу тау-кен компаниясының болашағына қатысты белгісіздікті жойып, оның екі құрылымына да халықаралық серіктестермен жаңа келісімдер жасауға мүмкіндік беруі мүмкін. Қазір инвесторлар Қазақстанға да, Конго Демократиялық Республикасына да үлкен қызығушылық танытып отыр, – деп жазды басылым.

КЕЛІСІМНІҢ ШАРТТАРЫ

Болжам бойынша, қазіргі ERG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтың отбасы топтағы өзіне тиесілі 20 пайыздық үлесті халықаралық бизнеске айырбастайды. Бұл бизнес жаңа заңды тұлғаға беріліп, оған ERG-дің шамамен 2 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қарызының бір бөлігі де өтеді.

Егер мәміле жүзеге асса, Шахмұрат Мүтәліп Қазақстандағы ERG қызметін (мемлекеттің үлесі сақталған күйде) бақылауына алады.

Ал Шухрат Ибрагимов негізгі назарын шетелдегі жобаларды дамытуға, әсіресе әлемдегі ең ірі кобальт пен мыс кен орындарының бірі орналасқан Конго Демократиялық Республикасындағы жобаларға аударады.

Bloomberg агенттігінің жазуынша, Ибрагимов өзіне өтетін қарыздардан бөлек, Конго Демократиялық Республикасындағы құқықтық дауларды да шешуге мәжбүр болуы мүмкін. Себебі жергілікті билік ERG-дің кен өндіру келісімдерінің шарттарына қатысты компанияның қызметіне күмән келтіріп, бірқатар талап қойған.

ERG КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Қазіргі таңда Қазақстан үкіметіне ERG акцияларының 40 пайызы тиесілі.

Ал 39,3 пайыздық үлесті мамыр айында Integra Construction KZ компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп сатып алды. Ол бұған дейін олигарх Патох Шодиев пен марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі болған үлестерді иеленді.

Осыдан кейін ERG-дің Қазақстандағы активтерін біріктіретін «Еуразиялық топ» ЖШС-нің бас директоры болып Құдрат Шәмиев тағайындалды. Ол – Шахмұрат Мүтәліптің сенімді серігі әрі Integra Construction KZ бақылау кеңесінің төрағасы.

Бұған дейін Қазақстан билігі ERG-дегі өз үлесін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына беруі мүмкін деген болжамдар айтылған еді.