Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесін тікелей эфирде көрсету мәселесі көтерілуі мүмкін. Мұндай талапты жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Адвокаттың айтуынша, прокурор күдіктіге қатысты айыптау актісін бекітіп, қылмыстық істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдаған.
– Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Енді іс мәні бойынша қаралады. Сонымен қатар сот процесін тікелей эфирде өткізуді талап етеміз, – деді Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол жәбірленуші тараптың сот барысында марқұмның отбасының құқықтарын қорғауды жалғастыратынын айтып, заң талаптарына сәйкес сот процесінің барысы туралы қоғамды хабардар етіп отыруға уәде берді.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары тергеу жұмысына қатысты наразылық білдірген еді. Іс материалдарымен танысқаннан кейін олар мен адвокаттары елеулі заңбұзушылықтар анықталғанын айтып, материалдарды қосымша тергеуге қайтаруды сұраған.
Сондай-ақ марқұмның жақындары іс сотқа жолданған кезде айыптың кейбір баптары алынып тасталуы мүмкін деп алаңдап отыр.
Қазіргі уақытта 28 жастағы күдіктіге аса қатыгездікпен адам өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылған.
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні кешке Шымкентте қаза тапқан. Тергеу нұсқасына қарағанда, күдікті қызды дүкеннің жанында аңдып күтіп, күшпен ұстап тұрған, оған бірнеше рет пышақ сұғып, кейін оқиға орнынан бой тасалаған.