Белгілі кәсіпкер, Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының негізін қалаушы Айбек Барыс Қазақстандағы инвестициялық ахуал күрт нашарлады деген пікірмен келіспейтінін айтты. Ол Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында әлемнің өзге елдерінде Қазақстандағыдай бизнеске мемлекеттік қолдау жоғын мәлімдеді.
«Нағыз бюрократияны Еуропадан көресің»
Соңғы жылдары Қазақстанды көрші елдермен, әсіресе Өзбекстанмен жиі салыстырады. Ондағы мемлекеттік қолдауды, салық жеңілдіктерін қолайлы көретін кәсіпкерлер көбейген. Алайда Айбек Барыстың пікірінше, мұндай сөздердің басым бөлігі нақты дерекке сүйенбейді.
– Дәлелсіз әңгіме өте көп. Айтып жүрген азаматтардың қаншасы Өзбекстанға көшті? Бизнестерін Қазақстаннан әкетіп, сонда апарып орнықтырды ма? Мен тек қана әңгіме естимін. Оған сену-сенбеу – әр адамның өз ісі. Еуропада да, басқа жерлердер де жұмыс істеп жүрмін. Біздегідей қолдау еш жерде жоқ, – деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, Еуропадағы бизнес жүргізу ортасын жұрт мақтағанымен, іс жүзінде бюрократиясы әлдеқайда күрделі.
– Еуропада толықтай ескі капитализм. Онда саған ешкім еркін экономикалық аймақ ұсынбайды. “Жерің міне, инфрақұрылымың міне, салықты пәлен жыл төлеме” деп басыңнан сипамайды. Нағыз бюрократияны Еуропадан көресің. Жан-жақта жұмыс істеп көрген тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Әйтпесе біздің үкіметті мақтайын деген мақсатым жоқ., – деді Айбек Барыс.
Ол егер көрші елдердегі жағдай расымен әлдеқайда тиімді болса, онда Қазақстаннан көшкен кәсіпорындардың табысты тәжірибесі көптеп көрінуі керек екенін айтты.
– Соңғы кезде көршілермен салыстыру көбейгені рас. Күшті болса, неге бәрі сонда көшіп, жұмыс істемейді? Егер мақтаулы елдерге барып дамып, бизнесі гүлденіп кетсе, әрине, ойлануға болады, – дейді кәсіпкер.
«Билікте бірде-бір туысым жоқ»
Сұхбат барысында Айбек Барыстан Қазақстанда биліктегі таныс-тамырсыз, ықпалды байланыссыз ірі бизнес құру мүмкін бе деген сауал да қойылды.
– Мүмкін екенінің бір дәлелі – мен. Билікте бірде-бір туысым жоқ. Шенеунік болып отырған құдам да, ағам да, інім де жоқ. Билікке қатысы бар серіктестерім де жоқ. Ауылда туып-өсіп, қарапайым отбасынан шықсам да, компаниямды үлкен холдинг деңгейіне көтере алдым. Біздің саламызда құпия дерек көп, бәрін ашып айта алмаймын, бірақ компаниямыздың нарықтық құны жоғары деңгейге жетті, – деді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын кәсіпкер Қазақстанды түбегейлі өзгертетін басты реформаны атаған.