Иранның бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежадты Израильдің арнайы қызметі елдің қазіргі басшылығы биліктен кеткен жағдайда билік басына келуі ықтимал саяси тұлғалардың бірі ретінде қарастырған. Бұл туралы The New York Times (NYT) басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
The New York Times мәліметінше, Израильдің «Моссад» барлау қызметінің бұрынғы басшысы Давид Барнеа 2024 жылы Будапешт қаласында климатқа қатысты өткен конференцияны желеу етіп, Махмуд Ахмадинежадпен кездескен. Басылымның жазуынша, экс-президенттің жол шығындарын Израиль қаржыландырған.
Биыл ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталған уақытта «Моссад» тыңшылары Ахмадинежадты Иран аумағындағы қауіпсіз орынға жеткізген.
Израиль әсери барлау қызметінің бұрынғы жетекшісі Тамир Хайман The New York Timesбасылымына Ахмадинежадтың Иранның саяси билігін ауыстыруға қатысты операцияның бір бөлігі болғанын растаған. Алайда билікті ауыстыру жоспары жүзеге аспаған.
Ұзақ уақыт халық алдына шықпай кеткен Махмуд Ахмадинежад соңғы рет шілденің басында Аятолла Әли Хаменейдің жерлеу рәсімінде төбе көрсеткен.
The New York Times мәліметінше, Ахмадинежад қазір Ислам революциясы сақшылар корпусының бақылауында. Сақшылар корпусы оның Израильмен болған байланыстарын анықтаған.
Израиль билігі NYT жариялаған бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.