×
477.11
545.58
6.2
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
477.11
545.58
6.2

Белгілі блогер полиция туралы мәлімдемелері үшін 2,5 жылға сотталды

Бүгін, 16:10
Белгілі блогер полиция туралы мәлімдемелері үшін 2,5 жылға сотталды
Ulysmedia

Алматыда блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханға қатысты үкім шықты,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

Сот оны көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сот Әділетхан Молдаханға бес жыл бойы әлеуметтік желілерде материал жариялауға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қылмыстық іс Алматының Алмалы аудандық сотында қаралды. Іс бойынша жәбірленушілер ретінде Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық әкімшілік полиция басқармасының экс-басшысы Серік Шумаев танылды.

Қылмыстық қудалауға биылғы 21 наурызда әл-Фараби даңғылында болған атышулы жол-көлік оқиғасынан кейін жарияланған жазбалар себеп болды. Сол апат салдарынан үш адам қаза тапқан.

Молдахан өз жазбаларында заңсыз көше жарыстарына полиция қызметкерлері қатысы болуы мүмкін екенін айтып, кейбір құқық қорғау органдарының өкілдері жарысқа қатысушыларды қорғап жүр деп мәлімдеген. Ол олардың қатарында Ержан Ұзабаевтың есімін де атаған. Тергеу бұл мәліметтерді көрінеу жалған ақпарат деп бағалады.

КІНӘСІН МОЙЫНДАДЫ

Алғашқы сот отырысында Әділетхан Молдахан өз кінәсін толық мойындады. Қорғаушы тарап оған қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды, сондай-ақ медиациялық және процессуалдық келісім жасау мүмкіндігі үшін уақыт беруді сұраған. Алайда сот бұл өтініштерді қанағаттандырмай, блогер үкім шыққанға дейін қамауда қалды.

Жәбірленуші тарап одан моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығындары үшін 1 млн теңге өндіру туралы азаматтық талап-арыз да берген.

БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ СОТТАЛҒАН

Бұл – Әділетхан Молдаханның алғашқы соттылығы емес. Бұған дейін ол прокуратураның мәліметінше, 2021 жылы жасалған тонау ісі бойынша кінәлі деп танылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол сыбайластарымен бірге жол-көлік оқиғасын қолдан ұйымдастырып, жәбірленушіден ашық түрде 1,5 млн теңге алған.

Сол кезде сот оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Ал жаңа қылмыс бұрынғы үкімнің мерзімі аяқталмай тұрып жасалғандықтан, сот бұл соттылықты қазіргі жаза тағайындау кезінде ескерді.

Әділетхан Молдаханның әлеуметтік желідегі парақшаларына бір миллионнан астам адам жазылған. Ол көпшілікке заңгерлік кеңестерімен және қоғамда резонанс тудырған қылмыстық әрі әкімшілік істерге қатысты пікірлерімен танылған.