Ulysmedia.kz ақпараттық порталының бас редакторы Самал Ибраева АҚШ астанасы Вашингтонда халықаралық International Media Leadership Award сыйлығымен марапатталды. Сондай-ақ, салтанатты шара барысында ол америкалық кәсіпкер, АҚШ Президенті Дональд Трамптың ұлы әрі Trump Organization компаниясының жетекшілерінің бірі Эрик Трамппен кездесті.
Самал Ибраева бұл марапатты жеке өзінің емес, иық тіресе жұмыс істеп жүрген бүкіл ұжымның, редакцияның ортақ жеңісі деп біледі.
– Мен бұл марапатты жеке жетістігім деп емес, ең алдымен, журналистика саласының қоғамдағы рөліне берілген жоғары баға деп қабылдаймын. Әсіресе, бұл жүлденің АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы үлгісінде жасалуында үлкен мән бар. Өйткені бұл құжат – сөз бостандығы мен бұқараның шындықты білуге деген құқығының басты нышаны, – деді Самал Ибраева.
International Media Leadership Award сыйлығы медиа саласында көшбасшылық қасиетімен танылып, қоғамдық диалогты дамытуға белсене атсалысқан және журналистиканың өркендеуіне зор үлес қосқан мамандарға беріледі.

Бұл марапаттың Ulysmedia.kz үшін орны бөлек. Бес жыл ішінде редакция елді елең еткізген ірі қылмыстық істерді, жемқорлық деректерін зерттеп, экономика мен саясаттың өзекті мәселелерін және қарапайым халықтың мұң-мұқтажын үздіксіз көтеріп келеді. Сонымен қатар, бұл медиа алаңы түрлі көзқарастағы тараптар үшін еркін мінберге айналды. Мұнда билік өкілдері де, қоғам белсенділері мен сарапшылар да, кәсіпкерлер де өз ойын ашық айта алады.
Сыйлықтың пішіні АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы үлгісінде әзірленген. Бұл – Америка тарихындағы ең қастерлі құжаттардың бірі.
Баспасөз бостандығы АҚШ Конституциясының Бірінші түзетуінде тайға таңба басқандай жазылғанымен, дәл осы Тәуелсіздік декларациясы – халықтың өз тағдырын өзі айқындап, биліктен есеп талап ету құқығының символы болып қала бермек. Сондықтан сөз бостандығын ұлықтайтын сыйлықтың осындай үлгіде жасалуы әбден қисынды.
Мәртебелі марапатты Эрик Трамп және Конгресс мүшелері Джон Макгуайр мен Клаудия Тенни табыс етті. Салтанатты сәттен кейін Самал Ибраева Эрик Трамппен жеке кездесу өткізіп, оны Қазақстанға қонақ болуға шақырды.

– Ол біздің ел туралы көп естігенімен атап өтті. Тіпті Дубайда жүргенде қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, қатты ұнатқанын жеткізді. Енді оның елімізге келіп, қазақ қонақжайлылығын өз көзімен көруіне мүмкіндік туады деп сенемін, – деді бас редактор.
Сондай-ақ, ол Эрик Трампқа Қазақстандағы инвестициялық климат, энономиканың даму көкжиектері және америкалық инвесторлар үшін мүмкіндіктер туралы айтқанын жеткізді.

Эрик Трамп – Дональд Трамптың екінші ұлы және Trump Organization компаниясының атқарушы вице-президенті. Ол ағасымен бірге отбасылық бизнесті дөңгелетіп, жылжымайтын мүлік, қонақүй бизнесі мен девелопмент жобаларына жетекшілік етеді.
Эрик Трамп халықаралық деңгейдегі іскерлік және қоғамдық шараларда Трамптар әулетінің атынан жиі өкілдік етеді.
Сапардың мән-маңызы неде?
Вашингтондағы бұл басқосу қазақстандық медиа өкілдерінің халықаралық кәсіби аренада салмағы артып келе жатқанын көрсетеді.
Самал Ибраева Ulysmedia.kz порталын басқарып қана қоймай, Masa.media және National Business Kazakhstan сияқты өзге де медиажобаларды сәтті дамытып келеді. Оның үстіне, ол Ақ үйдің президенттік медиапулының құрамына кіреді. Бұл оған АҚШ президенті қатысатын ауқымды шаралардан тікелей ақпарат таратып, халықаралық деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Тағы бір қызықты тұсы – бұл сапардың уақыты ерекше сәтке тұспа-тұс келді. Вашингтонға сапар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлесуінен кейін көп ұзамай жүзеге асты. Сол тілдесуде мемлекет басшысы америкалық әріптесін АҚШ Тәуелсіздігінің 250 жылдық мерейтойымен құттықтап, Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырған болатын.