"Қазгидромет" 18-20 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында аптап ыстық сақталса, елдің батысы, солтүстігі және орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Синоптиктердің айтуынша, солтүстік-батыс циклонының әсерінен еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғып, шаңды дауыл тұруы мүмкін.
Ең мол жауын-шашын:
18-20 шілдеде – Қостанай облысында;
19-20 шілдеде – Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында;
20 шілдеде – Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында түседі.
Ал еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және 18 шілдеде орталық өңірлерде жауын-шашынсыз, ашық ауа райы сақталады.
Жаңбыр жауатынына қарамастан, елдің шығысы мен орталығында күн қатты ысып, ауа температурасы +35…+39 градусқа дейін көтеріледі.
Орталық және шығыс өңірлердің оңтүстігінде ауа температурасы +42 градусқа, оңтүстік-батыста +44 градусқа, ал Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында +45…+48 градусқа дейін жетеді.
Ал солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде жаңбырдан кейін күн салқындап, күндіз ауа температурасы +21…+29 градус шамасында болады.