Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің наразылығына қарамастан, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында мұнай тиеп жатқан танкерлерге дрондар шабуыл жасап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Каспий құбыр консорциумының мәліметінше, 19 шілде күні кешке Новороссийск маңындағы теңіз терминалында алдыңғы шабуылдардан кейін мұнай тиеу жұмыстары қайта басталған. Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі танкерлердің азаматтық нысан екенін мәлімдеп, шабуылдарды қатаң айыптаған еді. Алайда соған қарамастан, 20 шілдеде тағы бір осындай оқиға тіркелді.
КҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 шілдеде ВПУ-1 айлағында мұнай тиеп тұрған NELSA азаматтық танкеріне дрон шабуыл жасаған.
Дрон танкердің оң жақ бортындағы артқы бөлігіне соғылып, салдарынан кемеде өрт шыққан. Өрт бірнеше сағат ішінде толық сөндірілді. Кемедегі 22 экипаж мүшесі консорциумның буксирлері арқылы эвакуацияланды. Бортта тек капитан мен аға көмекшісі ғана қалды.
КҚК мәліметінше, өртке қарамастан танкер су бетінде қалқып тұр және суға бату қаупі жоқ.
– Мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды. Мұнайдың төгілуіне және резервуарларда тұтануына жол берілген жоқ, – деп мәлімдеді консорциум.
Консорциум өкілдері мұнай тиеу кезінде танкерлерге жасалған шабуылдардың экологиялық әрі техногендік тұрғыдан өте үлкен қауіп төндіретінін айтып, мемлекеттік органдарды мұндай әрекеттерді айыптауға үндеді.
Сондай-ақ мәлімдемеде сөз болып отырған мұнайдың Қазақстанда өндірілгені ерекше атап өтілді.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 19 шілдеде Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында қазақстандық мұнайды тиеп жатқан екі танкерге де дрондар шабуыл жасаған еді.
Оқиғадан кейін Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, азаматтық теңіз кемелеріне жасалған шабуылдарды айыптады.
Бұған дейін де Yasa Polaris және Nordic Zenith танкерлері КҚК теңіз терминалына қарай бет алған кезде дрон шабуылына ұшыраған еді.