25 шілдеде тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау басталады. Өтініштер 5 тамызға дейін қабылданады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨТІНІШТІ ҚАЛАЙ БЕРУГЕ БОЛАДЫ?
Талапкерлер өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы бере алады.
ТЕСТІЛЕУ ҚАШАН ӨТЕДІ?
Тамыз айындағы ҰБТ 10-15 тамыз аралығында ұйымдастырылады. Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу өтетін пунктті, күнді және уақытты өздері таңдай алады.
ТАМЫЗДАҒЫ ҰБТ КІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН?
Бұл тестілеу жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсуге немесе ҰБТ нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Тамыздағы ҰБТ-ға:
биылғы және былтырғы мектеп пен колледж түлектері;
қандастар;
шетелде орта білім алған түлектер;
шығармашылық бағыттан басқа мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер;
басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер;
былтырғы оқу жылында шекті балл жинай алмай, ақылы негізде оқуға қабылданған талапкерлер қатыса алады.
Алдыңғы ҰБТ-да шекті балл жинай алмаған талапкерлер тестілеуді қайта тапсыра алады. Сондай-ақ бұрын ҰБТ тапсырған талапкерлер тамыздағы тестілеуге тіркелу кезінде бейіндік пәндер комбинациясын өзгертуге мүмкіндік алады.
КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ҚАНДАЙ МҮМКІНДІК БАР?
Өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді.