25 шілдеде әлемнің әр түкпіріндегі қолданушылар ChatGPT жасанды интеллект чат-ботының жұмысында ақау болғанын жазып жатыр. Downdetector сервисінің мәліметінше, үш мыңнан аса шағым түскен. Кейбір қолданушы қызметтің тым баяу жұмыс істегенін айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
ChatGPT-ке иелік ететін OpenAI компаниясы техникалық ақау болғанын растады. Компания өкілдері жүйеде қате көбейгенін мәлімдеді. Мәселе чат-боттың мәтіндік те, дауыстық та қызметіне әсер еткен.
Шағымдардың басым бөлігі веб-нұсқаға қатысты болған. Дегенмен мобильді қосымшада да көптеген ақау тіркелді. Атап айтқанда, қолданушылар аккаунтқа кіре алмағанын, 500 және 503 қателері шыққанын, хат алмасу тарихы жойылып кеткенін, интерфейс қатып қалғанын және хабарлама жіберу мүмкін болмағанын жазды.
Сонымен қатар, API қызметі мен әзірлеушілерге арналған құралдардың жұмысында да ақау болған.
Бұл жағдай қай елдерде тіркелді?
ChatGPT жұмысындағы ақау туралы хабарламалар Қазақстаннан, Еуропа елдерінен, АҚШ пен Канададан түсті.
Соған қарамастан, OpenAI компаниясының қызмет жағдайын көрсететін ресми парақшасында біраз уақыт бойы бұл туралы ақпарат жарияланбаған. Кейін мәлімет жаңартылып, сервис жұмысы біртіндеп қалпына келе бастады.