Қазақстан Ұлттық банкі мен екінші деңгейлі банктер 2022 жылы 1 237 250 теңгеге барабар 391 жалған ақша белгісін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, анықталған ақшаның 386-сы – банкнота, 5-уі – монета.
Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 24,7%-ға аз (1 577 400 теңгеге барабар 519 жалған ақша белгісі).
Жалған ақша белгілерінің номиналдарына жасалған талдау жұмыстарынан мына банкноталардың қолдан жиі жасалатыны белгілі болды: 2000 теңге – 238 дана (жалпы анықталған жалған ақша санының 60%-ын құрайды), 10 000 теңге – 55 дана (14%), 500 теңге – 50 дана (12,8%).
Қолдан жасалған ақшалардың көп мөлшері Алматыда анықталды – 255 дана немесе жалпы санының 65,2%-ы. Қалған өңірлерде 136 дана немесе жалпы санының 34,8%-ы.