×
$
473.59
544.68
5.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
473.59
544.68
5.94

Қазақстандағы ең ірі кен орнында мұнай өндірісі күрт азайды

Бүгін, 16:05
Қазақстандағы ең ірі кен орнында мұнай өндірісі күрт азайды
Ulysmedia коллажы

Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны – Теңізде 2026 жылдың алғашқы жартысында мұнай өндіру көлемі айтарлықтай азайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕҢІЗДЕГІ ӨНДІРІС ТӨМЕНДЕДІ

Reuters агенттігінің мәліметінше, жыл басынан бері Теңіз кен орнында мұнай өндіру 14,7% қысқарып, 16,6 млн тонна болған.

Бұған кен орнында болған бірнеше апат себеп болуы мүмкін. Бұл оқиғалар өндірістің уақытша тоқтауына себеп болған.

Сонымен қатар «Теңізшевройл» компаниясының мәліметінше, маусым айында мұнай өндіру бұрынғы деңгейіне қайта қалпына келген.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың алғашқы алты айында компания тауарлық газды өткізу көлемін де қысқартқан. Егер былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 2,9 млрд текше метр болса, биылғы қаңтар-маусым қорытындысында 2,67 млрд текше метрге дейін төмендеген.

Сондай-ақ күкірт пен сұйытылған газды сату көлемі де азайған.

НЕЛІКТЕН БҰЛ МАҢЫЗДЫ?

Теңіз – Қазақстандағы ең маңызды мұнай кен орындарының бірі және мұнайды Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспорттаудан түсетін негізгі кіріс көзі.

Жыл қорытындысы бойынша «Теңізшевройл» 40 млн тоннаға дейін мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Жалпы Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 40%-ы осы кен орнында өндіріледі.

Биыл Теңіздегі өндіріс бірнеше рет тоқтатылды. Қаңтар айында өрт, трансформаторлардың зақымдануы және электр қуатының үзілуі себеп болса, мамыр айының соңында өндіріс «операциялық ақауға» байланысты уақытша тоқтаған.

Осының салдарынан Қазақстан мұнайының экспорты едәуір төмендеді.

Бұған қоса, Каспий құбыр консорциумы терминалы маңында танкерлерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдары жалғасып жатқандықтан, экспортқа қосымша қиындықтар туындап отыр.