×
$
469.85
542.16
5.78
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.85
542.16
5.78

Қазақстан майнингтен миллиондаған доллар тапты

Бүгін, 16:53
Қазақстан майнингтен миллиондаған доллар тапты
Ulysmedia коллажы

Қазақстан компьютерлік және ақпараттық қызметтер экспортынан, соның ішінде криптовалюта майнингінен түсетін табысын арттырды. Алайда ел әлі де шетелге сататын қызметінен гөрі сырттан көбірек қызмет сатып алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Туризмнен майнингке дейін

Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, қазір Қазақстан қызметтер саудасынан шығынға батып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел 12,8 млрд долларға халықаралық қызмет экспорттаса, 14 млрд долларға қызмет импорттаған. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш жақсарғанымен, қызметтер саудасында әлі де тапшылық сақталып отыр.

Қазақстанның қызмет экспортының негізгі бөлігін тасымалдау қызметтері құрайды. Оның ішінде жүк тасымалы басым. Бұл жалпы экспорт көлемінің 44,8 пайызына немесе 5,7 млрд долларға тең.

Екінші орында сапарларға қатысты қызметтер тұр. Шетелдіктердің Қазақстанда жұмсаған қаражаты 2,9 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткішке туризм, емделу, білім алу және туыстарына бару сияқты шығындар кіреді.

Алайда компьютерлік, ақпараттық және телекоммуникациялық қызметтер экспорты ең қарқынды өсіп келеді. Оның көлемі бір жылда үштен бірден астамға артып, 1,4 млрд долларға жеткен.

Оның ішінде Қазақстан майнингтен 367,6 млн доллар табыс тапқан.

Цифрлық қызметтер экспортының орталығына Астана айналды. Елорда компаниялары шетелден 1 млрд доллар көлемінде төлем алған. Екінші орында тұрған Алматының көрсеткіші бұдан 15 есе аз – 65,8 млн доллар.

Өсуге мүмкіндік бар

Импортқа келсек, қазақстандықтар шетелде қызметтерге жұмсайтын шығынын азайтқан. Атап айтқанда, шетелдегі білім алу, емделу және басқа да қызметтерге жұмсалған қаражат 2,2 пайызға қысқарған.

Сонымен қатар іскерлік, ақпараттық және компьютерлік қызметтер импорты артқан.

Finprom мәліметінше, Қазақстан қызмет экспорты бойынша әлемде 69-орында тұр. Дегенмен жаһандық нарықтағы елдің үлесі әзірше өте аз – небәрі 0,13 пайыз.

Бірінші тоқсанда Қазақстаннан қызмет экспорты 14,1 пайызға өскен. Бұл саланың алдағы уақытта одан әрі дамуына мүмкіндік бар екенін көрсетеді.