×
$
469.93
541.64
5.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.93
541.64
5.71

Иран Ормуз бұғазын ашу үшін АҚШ-қа бірқатар шарт қойды

Бүгін, 10:30
Иран Ормуз бұғазын ашу үшін АҚШ-қа бірқатар шарт қойды
Ulysmedia.kz коллажы

Иран Ормуз бұғазы бойынша Оманмен келісімге таяп қалғанның өзінде, бұл кеме қатынасы бірден қалпына келеді деген сөз емес екенін мәлімдеді. Тегеран бұғазды ашуды АҚШ тарапынан жасалатын бірқатар жеңілдікпен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Ормуз бұғазы әлемдік мұнай экспортының негізгі күретамырларының бірі болып қала береді. Соғысқа дейін әлемдегі мұнай мен газ тасымалының шамамен бестен бірі осы бұғаз арқылы өтетін.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеран мен Маскат кемелерге арналған жаңа бағытты келісуге жақын қалғанын айтты. Алайда оның сөзінше, мұның өзі жеткіліксіз.

Иран АҚШ-тан өтемақы төлеуді, блокаданы және санкцияларды алып тастауды, бұғатталған активтерін босатуды және қоқан-лоқыны тоқтатуды талап етіп отыр.

Бұдан бөлек, Тегеран Иранға және оның Ливан, Палестина, Йемен мен Ирактағы одақтастарына қарсы шабуылдарды тоқтатуды талап етеді.

Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілдері Иран үшін басты мәселе Оманмен келісімге келу емес, Вашингтонның осы талаптарды орындауға келісуі екенін аңғартты.

«Америка Құрама Штаттары Иранның шарттарын қабылдаған сәтте Ормуз бұғазы сөзсіз ашылады», — деді Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілі Хосейн Мохебби.

Оман келіссөзде даму барын айтты

Оман билігі Иранмен келіссөздерді оң әрі нәтижелі деп бағалады. 

Қазір тараптар кеме қатынасының уақытша тәртібін талқылап жатыр. Иран бұғаз арқылы өтудің бұрынғы ережелерін қолайсыз деп санайды және оларды өзгерткісі келеді.

Иран президенті Масуд Пезешкиан қазір келісімге келуге қолайлы кезең деп есептейтінін айтты.

Бұғазда шабуылдар жалғасып жатыр

Келіссөз жүріп жатқанымен, Ормуз бұғазындағы жағдай әлі де шиеленісіп жатыр.

БАӘ елдің мемлекеттік мұнай компаниясына қатысы бар кемеге тағы бір шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Әмірлік тарапының айтуынша, кемеге зымыран атылған. Зардап шеккендер жоқ.

Британияның UKMTO қызметі де кемелердің біріне белгісіз снаряд тигенін хабарлады. Бортта өрт шыққанымен, оны сөндіру мүмкін болған.

Иран бұл оқиғаға қатысты пікір білдірмеді.

АҚШ блокаданы алып тастауға дайын

Вашингтон Ормуз бұғазы бойынша келісімге жақын арада қол жеткізілуі мүмкін деп есептеп отыр.

АҚШ шенеунігі Reuters агенттігіне коммерциялық кемелердің кедергісіз қатынасы қалпына келгеннен кейін Вашингтон Иран порттарына қойылған блокаданы алып тастауға дайын екенін айтқан.

Алайда бұл Тегеранның өз міндеттемелерін орындауына байланысты болады.

АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, блокада басталғалы бері америкалық әскерилер гуманитарлық көмек тиеген 30-дан астам кемені өткізіп жіберген. Тағы ондаған кеме кері қайтарылған.

Иран бұғазды көбірек бақылауы мүмкін

Reuters мәліметінше, Оманмен талқыланып жатқан келісім Иранға Ормуз арқылы Парсы шығанағына кіретін кемелерді белгілі бір деңгейде бақылауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Бұл Тегеран үшін елеулі жеңілдік болар еді.

АҚШ бұған дейін әлемдегі ең маңызды энергетикалық бағыттардың біріне бақылауды Иранға беруге дайын емес екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Қазір бұғаздағы шектеулер әлемдік саудаға қатты әсер етіп отыр. Иран мұнай танкерлерінен алым алып жатыр, ал кемелерге жасалған шабуылдар мен өтудің қиындауы тасымал құнының, энергия бағасының өсуіне және инфляциялық қысымның күшеюіне әкелді.