×
$
469.93
541.64
5.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.93
541.64
5.71

Ақтаудағы балалар ауруханасының директоры жасөспірім өлімінен кейін қызметінен босатылды

Бүгін, 13:11
Ақтаудағы балалар ауруханасының директоры жасөспірім өлімінен кейін қызметінен босатылды
yandex.kz

Маңғыстау облысында 13 жастағы науқас қайтыс болғаннан кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Денсаулық сақтау министрлігі мамандары медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Аурухана директоры Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мамандары мен жергілікті атқарушы органдар комиссиясы жүргізген жоспардан тыс тексерудің қорытындысы бойынша қызметінен босатылған.

Тексеру бірден екі мекемеге — Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қаласының №2 емханасына жүргізілді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, тексеру барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталған.

— Маңғыстау облысында баланың қайтыс болуына қатысты жағдай менің жеке бақылауымда болды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен жергілікті атқарушы органдар деңгейіндегі комиссия жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қаласының №2 емханасында медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды, — деді министр.

Сонымен қатар прокуратура медициналық көмек көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданды.

Енді жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық бағаны сот процесі береді.

Анасы министрмен кездесуді талап еткен

Кадрлық шешім марқұм баланың анасы Жұлдыз Азанованың Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен жеке кездесуді талап еткен тұсында белгілі болды. Әйел ұлының өліміне қатысты сұрақтарына жауап алу үшін Астанаға барған. Бұған дейін ол вице-министрмен кездесуге келіспейтінін айтып, мәселені министрдің өзімен талқылауды талап еткен.

Енді Ақмарал Әлназарова марқұм жасөспірімнің анасын Астанада жеке қабылдайтынын мәлімдеді.