Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі даркнетте Қазақстанның 15 млн тұрғынының жеке деректері сатылып жатқаны туралы ақпараттан кейін тексеру жұмыстарын бастады. Әзірше бұл базаның eGov жүйесін бұзу арқылы алынғанын растайтын дерек жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
– Қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ұсынылған деректер үлгілері талданып, олардың шығу тегінің ықтимал көзі анықталуда. Қазіргі таңда электронды үкіметтің ақпараттық жүйелері бұзылып, аталған база eGov жүйесінен тікелей алынғанын растайтын дерек жоқ, – деп хабарлады ведомство Ulysmedia.kz редакциясына.
Министрлікте eGov жүйесінде паспорттардың скан-көшірмелері мәлімделген форматта сақталмайтынын, ал цифрлық құжаттардың форматы басқа екенін атап өтті.
– Даркнет пайдаланушысының базаның шығу тегіне қатысты мәлімдемесінің өзі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды, – деп атап өтті министрлік.
Болжамды деректердің таралуы туралы не белгілі?
Бұған дейін желіде шамамен 15 млн қазақстандықтың деректері бар база сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тараған. Mash мәліметінше, хабарландыруды shymzz13 лақап атымен тіркелген қолданушы жариялаған. Ол ақпаратты eGov жүйесіндегі осалдық арқылы алғанын мәлімдеген.
Файлдың көлемі шамамен 2,7 ГБ, онда 47 млн жол бар. Базада паспорт деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, құпиясөздер, жұмыс орны туралы мәліметтер және құжаттардың скан-көшірмелері бар делінген.
Сатушы база үшін 0,5 биткоин, яғни шамамен 32 мың доллар сұрап отыр.
Бұған дейін де ірі дерек тараған
2025 жылдың жазында қазақстандықтардың 16,3 млн жеке дерегі қамтылған басқа база туралы ақпарат тараған еді. Онда азаматтардың аты-жөні, ЖСН, туған күні, мекенжайы, телефон нөмірі, азаматтығы және басқа да мәліметтері болған.
Кейін Цифрлық даму министрлігі бұл жағдайда тікелей бұзу болмағанын мәлімдеді. Нұсқалардың біріне сәйкес, ақпаратқа бөгде адамдар қол жеткізген заңды аккаунттар арқылы жүктеп алынған.
Тексеру барысында аталған деректердің едәуір бөлігі 2022 жылы-ақ ұрланған болуы мүмкін екені, ал кейін базаның тек ішінара жаңартылып отырғаны анықталған.
Даркнет деген не?
Даркнет – интернеттің жасырын бөлігі. Ондағы ресурстар кәдімгі іздеу жүйелерінде көрсетілмейді және оларға кіру үшін арнайы құралдар қажет.