×
$
465.08
536.52
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
465.08
536.52
5.56

Квазимемлекеттік секторда директорларға жаңа талап қойылды

13.08.2026, 16:45
Квазимемлекеттік секторда директорларға жаңа талап қойылды
ашық дереккөз

Қазақстанда квазимемлекеттік сектордағы тәуелсіз директорларға бір уақытта тым көп компанияның директорлар кеңесіне кіруге тыйым салынды. Енді директорлар кеңесінің қатардағы мүшесі ең көбі үш ұйымда, ал төрағасы екі ұйымда ғана қызмет атқара алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Мән-жай

Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) тексеру барысында бірқатар тәуелсіз директордың бір мезетте бес және одан да көп ұйымның басқару органдарына кіретінін анықтаған. Оның үстіне бұл компаниялар Қазақстанның әртүрлі өңірінде орналасуы мүмкін.

Осыған байланысты палата мұндай директордың бірнеше ұйымның басқару органдарында қатар жұмыс істей отырып, нақты бір компания мен оның орналасқан өңірінің ерекшеліктерін қаншалықты жақсы білетініне күмән келтірді.

– Мұндай жүктеме кезінде тәуелсіз директорлар ӘКК аясында объективті әрі дербес шешім қабылдай алмайды. Қашықтан жұмыс істей отырып, олар өңірдің ерекшелігі мен корпорация ішіндегі процестерді білмейді. Іс жүзінде олардың директорлар кеңесіне қатысуы дауыс беруге формалды түрде қатысумен шектеледі, – делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.

Ең көбі – үш орын

Аудит қорытындысы бойынша ЖАП қолданыстағы ережелерді өзгертуді талап етті. Осыдан кейін Ұлттық экономика министрлігі Корпоративтік басқарудың үлгілік кодексіне түзетулер енгізді.

Енді директорлар кеңесінің мүшесі мұндай лауазымды үш заңды тұлғада ғана атқара алады. Ал директорлар кеңесінің төрағасы үшін шектеу екі ұйым болып белгіленді.

Жаңа талаптар тек әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға емес, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарға да қолданылады. Алайда бұл ереженің «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қатысы жоқ.