×
$
464.02
536.18
5.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
464.02
536.18
5.54

"Асығыс қорытынды жасамауға шақырамын": Базарбек жол апатына қатысты пікір білдірді

Бүгін, 14:43
"Асығыс қорытынды жасамауға шақырамын": Базарбек жол апатына қатысты пікір білдірді
Ulysmedia коллажы

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында болған жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді. Ол әлеуметтік желіде тараған түрлі болжамдарға жауап бере алмайтынын айтып, істің тергеліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бақытжан Базарбектің айтуынша, жол апатына қатысты қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында өзі мен жұбайы тергеу деректерін жария етпеу туралы қолхат берген.

– Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін, – деді ол.

Бұрынғы депутат қазір өзі үшін ең маңыздысы – жол апатынан зардап шеккен азамат пен оның жақындарына қолдау көрсету екенін атап өтті. Оның сөзінше, отбасы бірнеше күн бойы зардап шеккен азаматтың сауығып кетуін тілеп, туыстарымен бірге болған.

Бақытжан Базарбек сондай-ақ медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыс айтты.

Ол әлеуметтік желілерде тараған түрлі нұсқаларға байланысты жұртты асығыс қорытынды жасамауға үндеді.

– Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын, – деді Базарбек.

Оқиға қалай болды?

Бұған дейін Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолында 36 жастағы ер адамды көлік қағып кеткені хабарланған еді.

Полицияның мәліметінше, Toyota көлігін басқарған Б. есімді азамат жолдың көлік жүретін бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалған.

Айта кетейік, Бақытжан Базарбектің VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеті 2026 жылғы 1 шілдеде аяқталған.