Шымкентте 40 жастағы Василий Колесниковті ұрлап, өлтіру бойынша іс сотқа жетті. Айыпталушылар қатарында алты адам бар. Бұл туралы адвокат Талғат Есімов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Істің мән-жайы
Қылмыстық іс материалдары мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотқа түскен. Істі судья Әбинұр Қарабаев қарайды.
– Қылмыстық іс бойынша алты адам айыпталушы ретінде өтіп жатыр. Алдын ала тыңдау 2026 жылғы 24 тамызда сағат 15:00-ге белгіленді, – деді Талғат Есімов.
Атышулы кісі өлімі
Күрестен спорт шебері Василий Колесников 20 қаңтарда қаза тапқан. Бастапқыда жолдағы жағдай кәдімгі жол-көлік оқиғасы сияқты көрінген. Кейін ол жаппай төбелеске ұласқан.
Кейін адвокат көліктердің соқтығысуы Колесниковті арнайы тұзаққа түсіру үшін әдейі ұйымдастырылған болуы мүмкін екенін айтқан. Сол кезде жарияланған кадрлардан жол бойына бір топ адамның жиналғанын көруге болады. Төбелес басталып, артынша Колесниковті күштеп көлікке отырғызып, алып кеткен.
– Василий Колесниковке арнайы тұзақ құрылған. Ол үшін жол-көлік оқиғасын әдейі ұйымдастырған. Кейін оған жасырын түрде пышақ және тапаншаға ұқсас затпен шабуыл жасаған. Оны ұрып-соғып, белгісіз бағытқа алып кеткен, – деді Есімов.
Ер адамды ұрлап кеткеннен кейін оны бірнеше сағат бойы іздеген. Кейін оның денесі Түркістан облысының Ордабасы ауданынан табылды.
Бұған дейін Ulysmedia.kz сайтына адвокат марқұмның қолы мен аяғы сынғанын айтқан еді. Сонымен қатар шабуыл кезінде 38 жастағы тағы бір ер адам пышақ жарақатын алған.