×
$
461.39
534.75
5.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
461.39
534.75
5.45

Қазақстаннан Дубайға рейстер қыркүйектің соңына дейін тоқтатылды

Бүгін, 12:10
Қазақстаннан Дубайға рейстер қыркүйектің соңына дейін тоқтатылды
Freepic

Қазақстандық әуе компаниялары Дубайға рейстерді толық қалпына келтіруге әлі дайын емес. Air Astana мен FlyArystan Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты Дубайға ұшатын рейстердің тоқтатылуын 30 қыркүйекке дейін ұзартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алматы мен Астанадан рейстер ұшпайды

Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға рейстерді қыркүйек айының соңына дейін орындамайды. Бұған дейін әуе компаниясы өңірдегі жағдайға байланысты рейстерді уақытша тоқтатқан еді.

Шектеулер өзге де халықаралық әуе компанияларына әсер етті. Соңғы айларда олардың бірқатары Дубайға рейстерді қауіпсіздік тәуекелдеріне байланысты тоқтатып немесе қайта бастау мерзімін кейінге шегерген.

Air Astana қазан айында бұл бағыттар бойынша рейстерді қайта бастауды жоспарлап отыр. Алайда бастапқы кестеге қарағанда ұшу жиілігі қысқарады.

– Парсы шығанағы аймағындағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға рейстердің тоқтатылуын 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартады. Қазан айында аталған бағыттар бойынша ұшу жиілігі қысқартылып, рейстер кестесі өзгертіледі, – деп хабарлады әуе компаниясы.

Рейсі тоқтатылған жолаушылар сапарын 20 қарашаға дейінгі кез келген күнге тегін ауыстыра алады. Бұл ретте тиісті бронь класында орын болуы қажет.

Сондай-ақ билет ақшасын толық қайтаруға немесе оны Air Astana-ның басқа халықаралық бағытына ауыстыруға болады. Жаңа билет қымбат болған жағдайда, жолаушы айырмашылықты қосымша төлейді.

Ақтаудан да рейстер тоқтатылды

FlyArystan Ақтау – Дубай – Ақтау бағытындағы рейстердің тоқтатылуын 30 қыркүйекті қоса алғанға дейін ұзартты. Бұған дейін шектеу 15 қыркүйекке дейін енгізілген болатын.

– Бұл шешім Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты қабылданды. Рейсі тоқтатылған жолаушыларға сапарын кейінгі күнге айыппұлсыз тегін ауыстыру немесе билет құнын толық қайтару ұсынылады, – деп хабарлады FlyArystan.

Қазір Ақтаудан Дубайға билеттер 3 қазаннан бастап қысқы кесте аясында қолжетімді. Алайда әуе компаниясы жоспарлардың жағдайға байланысты қайта өзгеруі мүмкін екенін ескертеді.

Дубаймен әуе қатынасы бірнеше ай қатарынан тұрақсыз болып отыр. Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты халықаралық әуе тасымалдаушылары рейстерді бірнеше рет тоқтатып, кейін олардың қайта басталу мерзімін ауыстырған.