Қазіргі уақытта Вашингтон Тегеранмен келіссөз жүргізіп жатқан жоқ және жаңа кездесулер өткізуді де жоспарламайды. Дональд Трамп бұл мәлімдемені АҚШ пен Иранға соғысты тоқтату жөнінде келісімге келуге берілген 60 күндік мерзім аяқталғаннан кейін жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Блокада алынбайды
Дональд Трамп бұл туралы Truth Social желісінде жазды. Ол Тегеранға қысым жалғасатынын аңғартты.
– Иран Ислам Республикасымен ешқандай келіссөз немесе байланыс жүргізіліп жатқан жоқ және жоспарланған да емес. Әскери-теңіз блокадасы толық көлемде сақталып, күшінде қалып отыр. Ормуз бұғазы ашық және жұмыс істеп тұр. Теңіздегі барлық мина жойылды немесе залалсыздандырылды, – деп жазды Трамп.
Бұл мәлімдеме АҚШ пен Иран маусым айында қол қойған өзара түсіністік туралы меморандумның мерзімі аяқталғаннан кейінгі күні жасалды. Құжат тараптарға соғысты тоқтатуға және Ормуз бұғазындағы жағдайды реттеуге бағытталған кең ауқымды келісім бойынша келіссөздер жүргізу үшін 60 күн берген еді.
Контекст
Екі ай ішінде тұрақты келісімге қол жеткізу мүмкін болмады. Вашингтон мен Тегеран бір-бірін келісімдерді бұзды деп айыптап, ал әскери қимылдар толық тоқтаған жоқ. Осыдан бірнеше күн бұрын келісімдерді ұзарту мүмкіндігі туралы ақпарат тараған еді. Алайда нәтижесінде олар ұзартылмады.