×
$
460.13
532.6
5.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
460.13
532.6
5.42

Алматы облысында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен әйелді қағып, мерт қылды

Бүгін, 11:38
Алматы облысында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен әйелді қағып, мерт қылды
Gov.kz

Алматы облысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкері қызметтік көлікпен адамды қағып кетті. 77 жастағы әйел қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Полицияның алдын ала мәліметінше, 11 тамыз күні сағат 20:00 шамасында Алматы – Шелек – Қорғас – Байсейіт тасжолында Kia Sorento көлігінің 26 жастағы жүргізушісі 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Әйел жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. Алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Полиция жүргізушінің қамауға алынғанын хабарлады. Қазір тергеу жүргізіліп, жол апатының себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде жол апатынан кейін ер адамның оқиға орнынан кетіп қалғаны, ал қызметтік көліктің кейін автосервистен табылғаны туралы ақпарат тараған.

«Азаматтарға арналған үкімет» не дейді?

Ulysmedia.kz редакциясы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласып, түсінік алды. Корпорация қызметтік көлікті Алматы облысы бойынша филиалдың қызметкері тізгіндегенін растады.

Оқиғадан кейін филиалда қызметтік тексеру жүргізілген. Оның барысында қызметтік көліктердің пайдаланылуын бақылау жүйесі, сондай-ақ жол апатынан кейін басшылықтың әрекеті тексерілді.

– Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаларға тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылды. Филиал директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары өзіне бекітілген бағыт бойынша қызметтік автокөліктің пайдаланылуын бақылауды тиісінше ұйымдастырмағаны, сондай-ақ қызметтік ақпараттың толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етпегені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Филиал директоры филиал қызметіне жалпы басшылық пен бақылауды, ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыруды, сондай-ақ мүліктің сақталуы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуді тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады корпорация.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізушінің өзіне қатысты жауапкершілік мәселесін құқық қорғау органдары мен сот шешетінін атап өтті.