×
$
460.13
532.6
5.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
460.13
532.6
5.42

Ресей Қазақстан мұнайының бағытын өзгертпек пе? Энергетика министрлігі жауап берді

Бүгін, 16:20
Ресей Қазақстан мұнайының бағытын өзгертпек пе? Энергетика министрлігі жауап берді
Pixabay.com

Қазақстанның Энергетика министрлігі Ресей Қазақстан мұнайын Балтық теңізіндегі Усть-Луга портынан Новороссийск портына қайта бағыттау туралы шешім қабылдағаны жайлы ақпаратқа түсінік берді. Ведомство Ресей тарапынан бұл туралы ресми ақпарат алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Энергетика министрлігі Қазақстан мұнайының барлық бағыттағы экспорты, соның ішінде Усть-Луга мен Новороссийск порттары арқылы тасымалдануына бақылау жасап отырғанын атап өтті.

– Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Ресей тарапынан Қазақстан мұнайын Усть-Луга портынан Новороссийск портына қайта бағыттау туралы шешім қабылданғаны жөнінде ресми ақпарат алған жоқ. Сонымен қатар Қазақстан мұнайы бірнеше бағыт бойынша экспортталатынын атап өткен жөн. Бұл жекелеген бағыттардағы қазіргі жағдайды ескере отырып, экспорттық жеткізілімдерді икемді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Министрлік Қазақстан мұнайын тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша Ресей тарапымен және тасымалдауға қатысушылармен өзара іс-қимылды жалғастырып жатыр, – делінген хабарламада.

Контекст

Бұған дейін Reuters Ресейдің Балтық теңізіндегі Усть-Луга портын Қазақстан мұнайынан босатып, оның қуатын өз мұнайын экспорттауға пайдаланғысы келетінін хабарлаған. Оның орнына Қазақстан мұнайын Қара теңіздегі Новороссийск порты арқылы жөнелту жоспарланып отыр.

Бұған Қара теңіздегі жағдай себеп болып отыр. Дрон шабуылдары мен кеме қатынасына төнген қауіптерге байланысты ресейлік экспорттаушыларға Ресей мұнайын тасымалдауға дайын танкерлерді табу қиындаған. Ал Қазақстанның мұнайы тәуекелі төмен жүк саналады, сондықтан оны тасымалдайтын кемелерді табу оңайырақ.

Тамыз айының соңында Усть-Лугадан жөнелтілуге тиіс болған Қазақстан мұнайының кемінде екі партиясы Новороссийск портына қайта бағытталып қойған.

Егер бұл схема толық көлемде іске қосылса, Ресей Балтықтағы тәулігіне шамамен 100 мың баррель мұнай өткізу қуатын өз мұнайына босата алады.

Қазақстан үшін де қазіргі жағдайда бұл нұсқа тиімді болуы мүмкін. Себебі аталған мұнайдың басым бөлігі Жерорта теңізі мен Еуропаға жөнелтіледі, ал Новороссийск арқылы тасымалдау бағыты қысқарақ.

Алайда әзірге Қазақстанның Энергетика министрлігі Мәскеудің мұндай шешім қабылдағаны туралы ресми ақпарат алмаған.