×
$
456.88
534.64
5.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.88
534.64
5.47

Абай облысында 20 жастағы қыздың өлімі: туыстары қылмысты ауыр баппен саралауды сұрайды

Бүгін, 09:12
Абай облысында 20 жастағы қыздың өлімі: туыстары қылмысты ауыр баппен саралауды сұрайды

Абай облысының Бородулиха ауылында пышақ жарақаттарынан қаза тапқан 20 жастағы Дильназ Сабыржанқызының анасы видеоүндеу жасап, істі қоғам назарында ұстауды сұрады. Марқұмның денесінен пышақ жарақаттары анықталған. Туыстары қылмыстың асқан қатыгездікпен жасалғанын ескеріп, оған тиісті құқықтық баға берілуі керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға қалай болған?

Қайғылы жағдай 13 шілдеге қараған түні болған. Таңертең Дильназдың денесі ауылдағы үйлердің бірінің маңынан табылған. Қызға 16 рет пышақ сұғылған.

Күдікке оның 20 жастағы танысы ілінді. Қылмыстан кейін ол оқиға орнынан қашып кеткен. Марқұмның туыстарының айтуынша, жігіт қылмыс іздерін жасыруға да әрекет жасаған.

Бұған дейін полиция Дильназ бен күдіктінің арасында жеке бас араздығынан жанжал туындағанын хабарлаған. Күдікті ұсталып, тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі - «Адам өлтіру» бойынша басталды.

Дильназдың анасы әділдік сұрайды

Марқұмның анасы қызының өліміне қатысты істің барлық мән-жайына назар аударылып, қылмыстың қатыгездігіне әділ құқықтық баға берілуін сұрады.

«Дильназ пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Оның бүкіл өмірі алда еді. Ол менің жалғыз балам, үмітім әрі тірегім болатын. Бейжай қарамайтын азаматтардан осы істі қоғам назарына шығаруға көмектесулеріңізді сұраймын. Қызымның өліміне қатысты барлық жағдай мен жасалған қатыгездікке әділ құқықтық баға берілсе екен. Әділдікке қол жеткізуімізге көмектесіңіздер», — деді Дильназдың анасы.

Туыстары істің саралануына келіспейді

Дильназдың ата-анасында істің қандай баппен тергеліп жатқанына қатысты сұрақтар бар. Олар қылмыстың неғұрлым ауыр баппен сараланғанын қалайды.

Қыздың әкесі Сабыржан Темірхан қылмыстың жасалу мән-жайы, пышақ жарақаттарының саны, қылмыс іздерін жасыруға әрекет жасалғаны және күдіктінің адам өлтіргеннен кейінгі әрекеттері тергеу барысында міндетті түрде ескерілуі керек деп санайды.

Марқұмның жақындары күдіктінің әрекетін, соның ішінде, аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде қарастыруды талап етіп отыр.

Контекст

Бұған дейін Қарағандыда қаза тапқан жас ана Динара Меңбаеваның ісі әлеуметтік желідегі қоғамдық резонанстан кейін қайта қарала бастағаны хабарланған.