Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы мансабына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сайлауға қатысу – құқық әрі міндет
Астанада Құрылтай депутаттарын сайлауда Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев дауыс берді.
Ол бюллетеньді санаулы секундта толтырып үлгерген. Тіпті көптеген журналист камерасын дайындап үлгермей, Әшімбаев дауыс беру кабинасынан шығып кеткен.
– Бұл сайлаудың орны бөлек. Ол мемлекетіміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бүгін азаматтарымыздың белсенділік танытуы аса маңызды. Жалпы, Әділетті Қазақстан тұжырымдамасындағы негізгі қағидаттардың бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Бұл дегеніміз – азаматтардың пікірі ескерілуге тиіс деген сөз. Бұдан бөлек, маңызды шешімдердің барлығы қазақстандықтардың белсенді қатысуымен қабылдануы керек. Сайлау – азаматтардың елдің алдағы дамуына ықпал ете алатын дәл сондай мүмкіндік, – деді Мәулен Әшімбаев.
Әшімбаев қазір немен айналысып жүр?
Журналистер таяуда ғана елдегі ықпалды тұлғалардың бірі саналған Мәулен Әшімбаевтан қазір жұмыссыз жүрген-жүрмегенін сұрады.
– Мен әрдайым жұмыс істеп жүремін. Әлеуметтік желіден өздеріңіз де көріп отырсыздар ғой, – деп жауап берді ол.
Парламенттің жоғарғы палатасының бұрынғы спикері Сенат тарихының аяқталғанына өкініп жүрмегенін айтты. Оның айиуынша, алда атқарылатын міндет те, жоспар да көп.
Сондай-ақ, ол сенаторлар өз ісінің кәсіби мамандары екенін көрсеткенін және олардың түрлі қызметте елге әлі де көп пайдасын тигізе алатынын атап өтті.
Вице-президент қызметіне қатысты мәселе ашық қалды
Мәулен Әшімбаевтан болашақта вице-президент қызметіне бару мүмкіндігі туралы да сұралды.
– Қазір мұндай мәселелерді талқылаудың мәні жоқ әрі дұрыс емес. Кадрлық мәселелерге келсек, сіздер айтып отырған қызметтер бойынша шешімді тек Мемлекет басшысы қабылдайды. Президент Конституцияға сәйкес қажет кадрлық шешімдерді өзі қабылдайды, – деді ол.
Еске салайық, бүгін сағат 07:00-де Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау басталды.
Бұл – 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін өтіп жатқан алғашқы сайлау. Құрылтай Мәжіліс пен Сенаттан тұрған бұрынғы екіпалаталы Парламенттің орнына келді.