Қазақстандық блогер Shugyla қатты күлгені үшін жауапқа тартылмақ болғанын мәлімдеді. Алайда полиция бұл нұсқамен келіспей, оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Бойжеткен әлеуметтік желіде видео жариялап, полицейлермен болған жағдайды баяндаған. Оның айтуынша, тәртіп сақшыларының назарын өзі және таныстарының дауыстап күлгені аударған..
– Біз сәл ғана күлдік. Сол кезде бізді полиция көрді, енді маған айыппұл салмақ. Енді күлгенде де даусымыз шықпауы керек пе? Даусымды сәл көтеріп едім, олар бірден келді. Менің ұзақ әрі қатты айқайлағанымды дәлелдейтін ештеңе жоқ, – деді ол.
Полиция не дейді?
Полицияның мәліметінше, түнгі сағат бір шамасында патруль қызметкерлері терезелері ашық тұрған көлікті байқаған. Көліктен қатты музыка ойнап тұрған, ал ішіндегі қыздар да дауыстап сөйлеп, айқайлап, түнгі тыныштықты бұзған.
Тәртіп сақшылары көлікке келіп, құжаттарды тексеріп, ескерту жасаудың себебін түсіндірген. Бұл ретте қызға ешқандай айыппұл салынбаған.
– Қызға тек ауызша ескерту жасалды, содан кейін жіберілді. Ешқандай айыппұл толтырылған жоқ, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ, – деп хабарлады полиция.
Әңгіме бейнекамераға түсіп қалған
Полиция нұсқасы бойынша, ескертуден кейін қыз тәртіп сақшыларымен беріліп дауласып, даусын көтеріп сөйлеген және болған жайтты видеоға түсіре бастаған. Кейін бұл жазба әлеуметтік желіде жарияланған.
Оқиғаның барлығы полицейлердің кеудесіне тағылған бейнекамераларға да жазылып қалған.
Полиция өкілдері жазбаларды қарап шығып, қызметкерлер тарапынан заңбұзушылық анықталмағанын мәлімдеді.
Енді полиция қыздың өз әрекетіне, соның ішінде билік өкілдеріне құрметсіздік танытуы және шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуы мүмкін деген жайттарға құқықтық баға бермек.