×
$
456.88
534.64
5.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.88
534.64
5.47

Тоқаев Мирзиеевке сайлауға байқаушылар миссиясын жібергені үшін алғыс айтты

Бүгін, 12:20
Тоқаев Мирзиеевке сайлауға байқаушылар миссиясын жібергені үшін алғыс айтты
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Шавкат Мирзиеев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауы сәтті өтуімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевке қолдауы мен халықаралық ұйымдар құрамында Өзбекстан байқаушылар миссиясын жібергені үшін алғыс айтты.

– Президент Өзбекстан көшбасшысына елімізде жүргізіліп жатқан ішкі саяси өзгерістер туралы айтып, Құрылтай озық, заманауи және әділетті Қазақстан құруға бағытталған саяси реформалардың маңызды бөлігі екеніне тоқталды. Тараптар достық пен стратегиялық серіктестік рухында ұдайы нығайып келе жатқан қазақ-өзбек қарым-қатынасының даму барысына көңіл толатынын атап өтті. Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге, көлік-логистика, өндірістік кооперация салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік топтардың байланысын жандандыруға баса назар аударылды, – делінген хабарламада.

Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Құрылтай сайлауы

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялады.

 ОСК мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 623 289 азамат енгізілген. Оның 9 351 539-ы дауыс беруге қатысқан. Сайлаушылардың келу көрсеткіші – 74,08%.

Алдын ала қорытынды бойынша:

  • «Әділет» партиясы – 6 528 948 дауыс немесе 71,17%;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 469 058 дауыс немесе 5,11%;
  • Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 97 751 дауыс немесе 1,07%;
  • Қазақстан Халық партиясы – 285 395 дауыс немесе 3,11%;
  • «Ауыл» партиясы – 574 621 дауыс немесе 6,26%;
  • Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 478 083 дауыс немесе 5,21%;
  • «Respublica» партиясы – 509 631 дауыс немесе 5,56%.

Сонымен қатар сайлаушылардың 2,51%-ы «бәріне қарсы» деген нұсқаны таңдаған.

Орталық сайлау комиссиясы бұл деректерді алдын ала нәтиже ретінде жариялады. Қорытынды нәтижелер сайлау заңнамасында белгіленген тәртіппен нақтыланады.