×
$
456.88
534.64
5.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.88
534.64
5.47

Тоқаев Малахов пен Ластаевты да қызметінде қалдырды

Бүгін, 15:11
Тоқаев Малахов пен Ластаевты да қызметінде қалдырды

Дмитрий Малахов Жоғары сот кеңесінің төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

– Мемлекет басшысының жарлығымен Дмитрий Михайлович Малахов Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды, – делінген құжатта.

Дмитрий Малахов жайлы

Дмитрий Малахов 1974 жылғы 27 тамызда ҚазКСР-інің Көкшетау қаласында дүниеге келген.

1991-1995 жылдары ҚР ІІМ Алматы жоғары мектебінде білім алған. 2003-2005 жылдары Т. Рысқұлов атындағы Экономика және қаржы университетінде оқып, «заңгер-құқықтанушы, экономист» мамандығын алған.

Еңбек жолын ішкі істер органдарында бастап, кейін қаржы полициясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Экономикалық тергеу қызметі салаларында қызмет атқарған. 2004-2019 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы), сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы құрылымдарында өңірлік департаменттер мен орталық аппаратта басшылық қызметтер атқарды.

2019-2020 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Жедел департаментін басқарды.

2020 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы наурызға дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2022 жылғы наурыздан 2023 жылғы қазанға дейін бірінші орынбасары болды.

2023 жылғы 11 қазаннан 2024 жылғы 13 ақпанға дейін ҚР Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2024 жылғы 13 ақпанда Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы болып тағайындалып, бұл қызметті сол жылдың 16 қыркүйегіне дейін атқарды.

2024 жылғы 19 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалды

Артур Ластаев та Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымын атқара береді.

– Мемлекет басшысының Жарлығымен Артур Ермекұлы Ластаев Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалды, – делінген құжатта.

Артур Ластаев 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. Ол Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарады.

2005 жылы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. 2007 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Экономика және құқық негіздері» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

2015 жылы АҚШ-тың Вирджиния университетінде қылмыстық сот төрелігі бағдарламасы бойынша сертификат алып, сондай-ақ АҚШ-тың Куантико қаласындағы ФТБ Ұлттық академиясында магистрлік бағдарламадан өткен. 2018 жылы Швейцарияның Женева университетінде «Қарулы қақтығыстардағы халықаралық құқық» мамандығы бойынша магистр дәрежесін қорғаған.

2006-2016 жылдары Алматы қаласының прокуратура органдарында және ҚР Бас прокуратурасында қызмет атқарды.

2016-2022 жылдары Қазақстанның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілдігінде, сондай-ақ Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарды.

2022 жылы ҚР Бас прокуратурасының Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің басшысы болды.

2022 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімімен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына сайланды.

Неліктен қайта тағайындалады?

Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енгеннен кейін бірқатар лауазымды тұлғаны қайта тағайындауға тура келеді. Өтпелі ережелерге сәйкес, Президентке алты негізгі лауазымды тұлғаны қайта тағайындау үшін екі ай уақыт берілді.

Олардың қатарында Бас прокурор, Ұлттық банк, Жоғарғы сот, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бар.

Бұған дейін, 23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша, «Әділет» партиясы жеңіске жетті.