Алматыдағы №2 және №3 жылу электр орталықтарын жаңғырту жобаларының мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген еді. Үкімет отырысынан кейінгі брифингте «Самұрық-Энерго» АҚ басқарушы директоры Ғалымбек Аутәліпов екі нысандағы жұмыстардың қазіргі барысын айтып, жобалардың қашан аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
№2 ЖЭО
Қазіргі уақытта Алматыдағы №2 ЖЭО-ны жаңғырту жобасы бойынша жұмыстардың 94%-ы орындалған. Барлық жабдықтар мен технологиялық эстакадаларды монтаждау жұмыстары аяқталған.
Жаңа станция іске қосылғаннан кейін желіге шамамен 557 МВт электр қуатын және 957 Гкал жылу қуатынберуге мүмкіндік болады.
№3 ЖЭО
Ал Алматыдағы №3 ЖЭО-ны реконструкциялау жобасы бойынша жұмыстарды жеделдету үшін қосымша шаралар қабылданған. Қазір нысандағы жұмысшылар саны 840 адамға дейін артқан, ал техника саны 85 бірліктенасқан.
Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына «ИнтерТаско» компаниясы тартылған. Компания бұған дейін Қызылорда қаласында газбен жұмыс істейтін станса салған.
– Негізгі және қосалқы жабдықтарды жеткізу жұмыстары іс жүзінде 95%-ға аяқталды. Алдағы 45 күн ішінде бұл жұмысты 100%-ға аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бу-газ қондырғысының бірінші блогы бойынша қазандықты, турбина мен генераторды монтаждауға баса назар аударып жатыр, – деді Ғалымбек Аутәліпов.
Оның айтуынша, аталған жобалар бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар алдағы жылыту маусымында газ стансаларының жабдықтарында штаттан тыс жағдай орын алып, газбен қамтамасыз етуде үзіліс болған жағдайда, көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-лар толық режимде жұмыс істеуге дайын болады.