×
$
457.99
534.15
5.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
457.99
534.15
5.47

Ресей Қазақстанға мұнай беріп, өндірілген отынның 70%-ын кері алады

Бүгін, 17:40
Ресей Қазақстанға мұнай беріп, өндірілген отынның 70%-ын кері алады
Condensat.kz

Ресей мұнайы Қазақстандағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауытында өңделіп, өндірілген бензин мен дизель отынының басым бөлігі қайтадан Ресейге жөнелтіледі. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Энергетика министрінің айтуынша, Ресей тарапы Қазақстанға зауытты өз мұнайымен қамтамасыз ету туралы ресми ұсыныс жолдаған.

– Бізде мынадай келісім бар: сұранысқа ие мұнай өнімдерінің, яғни бензин мен дизельдің 30%-ына дейін Қазақстанда қалады, қалғаны Ресейге жіберіледі. Қазір Ресейге АИ-92 маркалы бензиннің шағын партияларын жеткізу басталды, – деді министр.

Осылайша, Қазақстандағы зауытта ресейлік шикізаттан өндірілген мұнай өнімдерінің шамамен 70%-ы Ресейге қайтарылады. Ал өнімнің бір бөлігі Қазақстанның ішкі нарығында қалады.

Ақкенженовтің айтуынша, әзірше жеткізілімдер шағын партиялармен жүзеге асырылып жатыр. Ресейге АИ-92 маркалы бензин жөнелтіле бастаған.

Министр сондай-ақ «Конденсат» компаниясының 50%-ы ресейлік компанияға тиесілі екенін айтты. Алайда оның нақты атауын атамады.

Сонымен қатар Ресейдің мұнай тасымалдау жүйесі мен зауыт арасында тікелей мұнай құбыры жоқ. Сондықтан ресейлік шикізат Қазақстанға теміржол арқылы жеткізіледі. Мұнай жеткізу көлемі теміржолдың өткізу қабілетіне байланысты болады.

Қазақстан бұл келісімнен санкциялық қауіп көрмей отыр

Ақкенженов бұл схемаға байланысты санкциялық кедергілер жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, «Конденсаттағы» үлеске иелік ететін компания санкцияға ілікпеген.

Министр бұл келісімнің Қазақстан үшін экономикалық тиімділігі де бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, қосымша инвестиция тартылып, жұмыс орындары сақталады.

Бұдан бөлек, Ақкенженовтің айтуынша, зауыттың жаңа иесі кәсіпорынның Қазақстанның Даму банкі алдындағы шамамен 100 млн доллар көлеміндегі бұрынғы қарызын іс жүзінде өтеген.

«Конденсат» мұнай өңдеу зауыты Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнында орналасқан. Кәсіпорын бензин мен дизель отынын өндіреді. Зауыттың жылдық қуаты шамамен 850 мың тонна болады.