×
$
457.99
534.15
5.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
457.99
534.15
5.47

Жеті өңірде 75 аппарат: «Қазақтелеком» Қазақстанда бірыңғай дрондар инфрақұрылымын дамытып жатыр

Бүгін, 19:34
Жеті өңірде 75 аппарат: «Қазақтелеком» Қазақстанда бірыңғай дрондар инфрақұрылымын дамытып жатыр
Қазақтелеком

«Қазақтелеком» АҚ ұшқышсыз технологияларды мемлекеттік және қалалық қызметтердің жүйелі жұмыс құралына айналдыратын «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» жобасын ауқымды түрде дамытуда. Бүгінде бірыңғай желі аясында 75 өздігінен ұшу аппараты қолданыста. Жоба Астана, Шымкент қалаларын, сондай-ақ Ақмола, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Жетісу облыстарын қамтиды.

Бастаманың негізгі қағидаты – дрондарды бір реттік ұшыру тәжірибесінен тұрақты жұмыс істейтін телекоммуникациялық инфрақұрылым құруға көшу.

Ұшқышсыз аппараттар белгіленген бағыттар бойынша тұрақты ұшып, фото және бейнедеректерді тіркейді және оларды нақты уақыт тәртібінде жедел штабтарға жібереді. Бұл жауапты органдарға су тасқыны қаупіне жедел ден қоюға, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қала құрылысы, өрт қауіпсіздігі салаларын және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.

Бүгінде ең ауқымды кластер Ақмола облысында жұмыс істейді. Жоба жүзеге асырылған бүкіл кезең ішінде өңірдегі 22 дрон су тасқыны қаупі жоғары 19 елді мекенді бақылау үшін 2,5 мыңнан астам рет әуеге көтерілді. Су деңгейін бақылаумен қатар, алгоритмдердің көмегімен қалдықтар жиналған 60 орын, 25 рұқсат етілмеген қоқыс орны, жылу шығыны анықталған 35 учаске және заңсыз салынған 5 нысан тіркелді.

Шымкентте қала әкімдігімен бірлесіп 16 дрон пайдаланылып жатыр. Олар күн сайын Тұран, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау секілді қаланың бес ауданын әуеден шолып шығады. Инспекция нәтижесінде 107 проблемалық жағдай тіркелді. Оның ішінде 60 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды, олардың басым бөлігі жергілікті әуежай маңында орналасқан.

Сондай-ақ мамандар 28 құрылыс нысанын тексеріп, қоқыс жағу және өрттің 15 жағдайын, түнгі жарықтандыруы жоқ 3 учаскені және жер қатынастары саласындағы бір заң бұзушылықты анықтады.

Инфрақұрылымды дамыту жалғасып жатыр. Тамыз айында жобаға бес дронмен Маңғыстау облысы қосылды. Өңірдегі небәрі алты күндік жұмыс барысында 79 оқиға тіркелді. Олардың қатарында 47 экологиялық заң бұзушылық, жол қозғалысы ережелерін сақтамау фактілері, құрылыс нысандарына жүргізілген 7 тексеру, сондай-ақ жағажайлар мен өрт ошақтарына жүргізілген мониторинг бар.

Деректерді орталықтандырылған түрде жинау бүгінде еліміздің әр өңіріндегі қалалық және өңірлік мәселелерге жедел ден қоюға мүмкіндік беріп отыр.