Қазақстандық жүргізуші куәліктері Қытайда қайтадан автомектепте оқып, емтихан тапсырмай-ақ мойындалуы мүмкін. ҚР Ішкі істер министрлігі екі елдің жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім жобасын әзірледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не өзгеруі мүмкін
Үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қазір қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Құжат Қазақстан мен Қытай азаматтарына белгіленген талаптарды сақтай отырып, екінші елдің аумағында қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалануға мүмкіндік беретін тетік құруды көздейді.
Қытайда жүрген қазақстандық азаматқа жергілікті жүргізуші куәлігін алу үшін барлық рәсімді басынан бастап өту қажет болмауы мүмкін. Бұдан бөлек, жоба талаптары орындалған жағдайда жүргізуші куәлігін қайта оқымай және емтихан тапсырмай-ақ айырбастау мүмкіндігін қарастырады. Бұл ретте куәлік айырбасталатын елдің заңнамасында белгіленген талаптар сақталуға тиіс.
Келісім Қазақстан немесе Қытай аумағында уақытша не тұрақты тұратын екі ел азаматтарының өмірін жеңілдетуге бағытталған.
Түсіндірме жазбада келісімді іске асыру әкімшілік кедергілерді азайтып, екі мемлекеттің құзырлы органдары арасында жүргізуші куәліктерін тану және айырбастау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні айтылған.
Бұл ретте сөз жеңіл автокөлік жүргізуге арналған жүргізуші куәліктері туралы болып отыр.
Әзірге бұл – жоба
Маңыздысы, жаңа ережелер әзірше күшіне енген жоқ. Қазір құжат қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Талқылау 2026 жылғы 30 тамызға дейін жалғасады.
Одан кейін келісімге қол қойылып, Қазақстан мен Қытай қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтауы керек. Құжат күшіне енгеннен кейін ғана жаңа ережелер қолданыла бастайды.
ІІМ келісім екі ел арасындағы көлік, туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді деп күтеді.
Түсіндірме жазбада жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан жағымсыз салдарға әкелмейтіні және ұлттық қауіпсіздікке әсер етпейтіні де атап өтілген.