×
$
458.48
534.68
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.48
534.68
5.43

Қазақстан жағалауындағы Каспий теңізінде жаңа арал пайда болды

Бүгін, 15:03
Қазақстан жағалауындағы Каспий теңізінде жаңа арал пайда болды
Видеодан алынған кадр

Қазақстанның Каспий теңізі бөлігінде жаңа арал пайда болды. Оның қалыптасуына теңіз деңгейінің төмендеп, судың азаюы себеп болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Жаңа арал Ақтау маңындағы Әулие аралынан шамамен 500 метр шығысқа қарай, Маңғыстау облысындағы Баутино ауылынан 30 шақырымдай жерде орналасқан. Lada.kz-ке Caspian Holiday компаниясының негізін қалаушы Ерболат Мұқашовтың айтуынша, аралға «Рыбачий» деген атау берілген.

Оның сөзінше, кейінгі 4-5 жылда Каспий деңгейінің төмендеуіне байланысты теңіздің солтүстік бөлігіндегі басқа да аралдардың маңында жаңа құрлық аумақтары пайда бола бастаған. Олардың қатарында Құлалы, Морской, Святой, Подгорный, Үшарал және басқа да аралдар бар.

Мамандар жаңа пайда болған «Рыбачий» аралына барып, оны әуеден түсіріп алған.

Мұқашовтың айтуынша, бұл аралдарда негізінен қасқырлар мекендейді. Сондай-ақ жабайы қабандар мен борсықтар кездеседі. Жағалау мен оған іргелес суларда құстар мен балықтардың түрлі түрлері тіршілік етеді. Каспийдің бұл бөлігі каспий итбалығы үшін де аса маңызды.

Каспий таязданып барады

Жаңа құрлықтың пайда болуы Каспий теңізі деңгейінің бірнеше жылдан бері төмендеп келе жатқан тұсына сәйкес келіп отыр. Бұл процесс әсіресе теңіздің таяз солтүстік бөлігінде, соның ішінде Қазақстан жағалауында анық байқалады.

1990 жылдардың ортасынан бері Каспий теңізінің деңгейі шамамен үш метрге төмендеген. Кейінгі жылдары бұл процесс жылдамдап, кей жерлерде жағалау сызығы айтарлықтай қашықтыққа шегінген.

Ғалымдар негізгі себептердің бірі ретінде өзендерден, әсіресе Еділден, теңізге құятын судың азаюын және климаттың өзгеруіне байланысты буланудың күшеюін атайды. Сонымен қатар адам әрекеті де жағдайға әсер етіп отыр.