Қостанай облысында ер адам 15 жастағы өгей ұлын өлтіріп, оның анасына шабуыл жасағаны үшін 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Жасөспірім анасын өгей әкесінен қорғауға тырысқан кезде қаза тапқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға қалай болды
Қайғылы оқиға сәуір айында Жітіқара қаласында болған. Іс материалдарына сәйкес, ер адам туысымен бірге ішімдік ішкен. Қонақ кеткеннен кейін ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққан.
Жанжал кезінде ер адам пышақ алып, әйеліне шабуыл жасаған. Оның айқайын естіген 15 жастағы ұлы жүгіріп шығып, өгей әкесін тоқтатуға тырысқан.
Сотта айтылғандай, жасөспірім ер адамның қолындағы пышақты қағып жібермек болған. Сол сәтте өгей әкесі оның кеуде тұсына төрт рет пышақ сұққан. Алған жарақаттарынан бала көз жұмды. Осыдан кейін ер адам әйеліне қайта шабуыл жасауға әрекеттенген. Алайда оған әйелдің ағасы араласып, шабуыл жасаған адамды қарусыздандырған.
Әйел бірнеше жерінен жарақат алғанымен, аман қалды.
23 жылға сотталды
Сараптама сотталушының өз әрекетіне жауап бере алатын жағдайда болғанын көрсетті. Сотта ол кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады.
Прокурор ер адамды 22 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал марқұмның туыстары оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.
Сот ер адамды орташа қауіпсіздік мекемесінде 23 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар сот моральдық зиянды өтеу туралы талап-арызды ішінара қанағаттандырды. Сотталған азамат марқұм жасөспірімнің анасына 15 млн теңге, ал әкесіне 5 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.