FlyArystan ұшағы Алматы әуежайында жоспарлы техникалық қызмет көрсету жұмыстары кезінде өртенді. Оқиға салдарынан Air Astana қызметкері зардап шекті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өрт техникалық жұмыстар кезінде шыққан
Оқиға 28 тамызда Алматы халықаралық әуежайының перронында болған. Техникалық жұмыстар кезінде ұшақ бортында өрт шыққан.
Желіде тараған видеодан ұшақтың төменгі бөлігінен қою ақ түтін көтеріліп, алдыңғы жағында жалын пайда болғанын көруге болады.
FlyArystan баспасөз қызметінің мәліметінше, өртті әуежайдың жедел қызметтері сөндірген. Алайда Air Astana тобының қызметкері жарақат алған.
– Air Astana тобының қызметкері жарақат алып, оған медициналық көмек көрсетілді. Кейін ауруханадан шығарылды. Оқиға кезінде әуе кемесінің бортында жолаушылар да, экипаж мүшелері де болған жоқ. Ұшақ уақытша пайдаланудан шығарылды. Қазір зақымның деңгейі бағаланып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Ұшақ әзірге рейске шықпайды
Әуе кемесі уақытша пайдаланудан шығарылды. Air Astana Алматы халықаралық әуежайымен бірлесіп, оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр. Өрттің нақты неден шыққаны әзірге ресми түрде хабарланған жоқ.
Айта кетейік, FlyArystan – Air Astana компаниясының еншілес әуе компаниясы.