21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймаханның қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, шағым сотқа түскен. Енді ол құжатпен танысып, оған қарсылық дайындамақ.
– Нұрайдың ісі бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді. Онымен танысып, қарсылық дайындаймын. Енді істі апелляциялық сатыда қарау күтіп тұр, – деді адвокат.
Контекст
13 тамызда Шымкентте Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол адам ұрлау, адам өлтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен кісі өлтіру баптары бойынша сотталды.
Сот процесі кезінде сот-медициналық сарапшы Нұрай Серікбайдың денесінен 35 жарақат анықталғанын айтты. Олардың барлығы қыздың көзі тірісінде салынған. Кейбір жарақаттардың тереңдігі 7-8 сантиметрге жеткен.
Аймахан қызды өлтіргенін мойындағанымен, сол кезде аффект жағдайында болғанын айтты. Сондай-ақ Нұрай оған бірінші болып пышақ сұққанын мәлімдеді.
Тергеу нұсқасы бойынша, Аймахан Нұрайды өлтірмес бұрын ұзақ уақыт аңдыған. Оған қызды ұрлап әкетіп, өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болды деген айып тағылған. Туыстарының араласуынан кейін үйлену тойы өтпеген, алайда ер адамның қыздың ізіне түсіп алған.
Бір күні ол Нұрайға 76 рет қоңырау шалған. Іс материалдарына сәйкес, 11 қаңтарда Аймахан пышақты алдын ала дайындаған. Әуелі қызға бірнеше рет пышақ сұққан. Сол кезде айғайды естіп, куәгер әйел жақындағанда, ол шегініп кеткен. Кейін қайта оралып, қызға тағы шабуыл жасаған.
Нұрайдың әкесі сотта отбасының қызының қазасынан бұрын полиция мен прокуратураға шағым түсіргенін айтқан.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін бірнеше полиция қызметкері жұмыстан шығарылып, департамент басшылығы қызметінен алынды. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі қызметтік салғырттық белгілері бойынша жеке іс қозғады.