Алматыда Көкжайлау шатқалында құрылыс жүргізуге қарсы шыққан экобелсенді Аруна Ортаева 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қазақстанның Халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының мәліметінше, Ортаеваға ҚР Қылмыстық кодексінің 148-бабы бойынша қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесі берілген. Бұл бап хат-хабар, телефон арқылы сөйлесу және басқа да хабарламалар құпиясын заңсыз бұзуға қатысты.
Ортаева полицияда бір күнге жуық болғаннан кейін 15 тәулікке қамауға алынған.
Ulysmedia.kz редакциясы ресми түсінік алу үшін қайтадан сауал жолдаған. Алайда әзірше жауап келмеді.
29 тамызда белсенді Instagram-дағы парақшасында үйінде тінту жүргізіліп жатқанын жазған.
– Мені тінтіп жатыр, – деп хабарлаған еді ол.
Кейін Қазақстанның Халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы тінтуден соң Ортаеваның Алматы қаласы полиция департаментіне жеткізілгенін мәлімдеді.
Контекст
Аруна Ортаева Көкжайлау шатқалында құрылыс жүргізуге қарсы материалдарды тұрақты түрде жариялап келеді. Бұған дейін ол басқа да қоғам белсенділерімен бірге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке үндеу жасаған еді.
Белсенділер құрылыс жұмыстары Іле-Алатауы ұлттық паркінің экожүйесіне елеулі зиян келтіруі мүмкін екенін айтқан.
Қазір Көкжайлауда археологиялық жұмыстар жүргізіліп, техникалық жол төселіп жатыр. Бұған дейін мердігер компания өкілдері кесілген ағаштардың орнына 30 мың жаңа ағаш отырғызылатынын және әр шыршаны кесу мәселесі Экология министрлігімен келісілетінін мәлімдеген.
Almaty Super Ski жобасы үш жылға есептелген.