Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Даму банкінің штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыруды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бұл туралы мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында мәлімдеді.
Тоқаевтың айтуынша, ұйымға мүше елдер арасындағы өзара тауар айналымы 1 триллион долларға жақындап қалды. Алайда мемлекеттердің экономикалық өзара байланысы әзірге қолда бар мүмкіндіктерге толық сәйкес келмейді.
– ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін барынша пайдаланып, жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру және тұрақты іскерлік байланыстарды дамыту маңызды, – деді президент.
ШЫҰ Даму банкі
Тоқаев ШЫҰ аясында кедергілері барынша азайтылған, цифрлық рәсімдері жолға қойылған және көлік-логистикалық инфрақұрылымы дамыған кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістік қалыптастыруды ұсынды.
Президент Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын да қолдады. Оның пікірінше, болашақ банктің ресурстары ең алдымен инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыруға бағытталуы керек.
– Егер мүше мемлекеттер ортақ келісімге келсе, Қазақстан бұл институтты, яғни оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыра алар еді, – деді Тоқаев.