Күздің алғашқы күндерінде елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда кейбір өңірлерде жаңбыр, найзағай болып, үсік жүруі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қай өңірлерде жаңбыр мен найзағай болады?
Синоптиктер 1-3 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады. Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік антициклонның ықпалы сезіліп, күн аз бұлтты әрі негізінен құрғақ болады. Сонымен қатар түнгі уақытта солтүстіктің кей жерлерінде үсік жүруі ықтимал.
1-2 қыркүйекте солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде солтүстік циклонның жырасы мен атмосфералық фронттардың әсерінен түнде жаңбыр мен қар аралас жаңбыр жауады. Күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Алматы облысының таулы аудандарында найзағай ойнап, бұршақ аралас нөсер жаңбыр жаууы мүмкін.
Бұдан бөлек, елдің солтүстігі, шығысы, оңтүстігі және оңтүстік-шығысында жел күшейеді. Солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі.
Үсіктен +35 градусқа дейін
Қазақстанның батысында түнде ауа температурасы +10…+18°C, күндіз +25…+30°C-тан +28…+33°C-қа дейін көтеріледі.
Маңғыстау облысында түнде +13…+21°C, күндіз ауа температурасы +30…+35°C-қа дейін жетеді.
Солтүстік-батыс пен солтүстікте түнде ауа температурасы 0…+5°C-тан +2…+7°C-қа дейін болады. Кей жерлерде -3°C-қа дейін үсік жүруі мүмкін. Топырақ бетінде температура кей жерлерде -1°C-қа дейін төмендейді. Күндіз ауа +20…+33°C-қа дейін жылынады.
Шығыс және орталық өңірлерде түнде 0…+5°C, осы өңірлердің оңтүстігінде шамамен +10°C болады. Кей жерлерде -3°C-қа дейін үсік жүруі ықтимал. Күндіз ауа температурасы +15…+30°C аралығында болады.
Еліміздің оңтүстігінде түнде +10…+15°C, таулы аймақтарда +3…+8°C болады. Күндіз ауа температурасы +18…+23°C-қа дейін көтерілсе, таулы жерлерде +7…+12°C шамасында болады.