×
$
462.31
536.09
5.34
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
462.31
536.09
5.34

Қазақстанға кіру ақылы болуы мүмкін: шетелдіктерге қанша төлеу керегі айтылды

Бүгін, 16:58
Қазақстанға кіру ақылы болуы мүмкін: шетелдіктерге қанша төлеу керегі айтылды
Vladimir Tretyakov/Shutterstock

Қазақстанға келетін шетелдіктерден елге кіруге арналған электронды рұқсат үшін ақы алынуы мүмкін. Оның құны туралы алғаш болып Сербияның Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Ведомство өз азаматтарына электронды рұқсаттың шамамен 4 мың теңге, ал оны тікелей шекарада рәсімдеген жағдайда 8 мың теңгеге жуық болуы мүмкін екенін ескерткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қанша төлеуге тура келеді?

Сербия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шекарадан өтуге дейін кемінде 72 сағат бұрын электронды өтініш берілген жағдайда төлем шамамен 8 еуро болады. Ал рұқсатты тікелей шекарада рәсімдеген кезде оның құны 16 еуроға дейін өседі.

Бұл ретте Қазақстан мен Сербия арасында визасыз режим қолданылады. Әңгіме жаңа QazETA электронды рұқсат жүйесі туралы болып отыр.

Тиісті өзгерістер «Халықтың көші-қоны туралы» заңға енгізіліп, 25 тамызда күшіне енді. Алайда Қазақстан билігі әзірге рұқсаттың нақты құнын да, оны қай ел азаматтары төлеуге міндетті болатынын да ресми түрде растаған жоқ. Бұл ақпарат әзірше Сербия Сыртқы істер министрлігі мен бірқатар БАҚ жазбаларында ғана айтылған.

QazETA қашан міндетті болады?

Жүйені кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.

25 тамыздан 1 қарашаға дейін QazETA тест режимінде жұмыс істейді. Бұл кезеңде рұқсаттың болмауы Қазақстанға кіруден бас тартуға негіз болмайды.

1 қарашадан бастап QazETA әуежайлар арқылы елге кіретін жолаушылар үшін міндетті болады. Қолданыстағы электронды рұқсаты жоқ жолаушылар Қазақстанға ұшатын рейстерге жіберілмейді.

15 қарашадан бастап бұл талап ЕАЭО-ның сыртқы құрлық шекаралары арқылы, оның ішінде Қытай және Түрікменстан тарапынан автокөлікпен кіретіндерге де қолданылуы жоспарланып отыр.

Кейін талаптарды көліктің басқа түрлері мен шекара өткізу бекеттеріне де кезең-кезеңімен енгізу көзделген.

Сонымен қатар жарияланған ақпараттарда кейінгі кезеңдердің мерзімдеріне қатысты айырмашылық бар. Бір мәліметте ЕАЭО елдерімен шекаралар мен теміржол көлігі және порттарға қатысты талаптар 30 желтоқсанда енгізілетіні айтылса, Сербия Сыртқы істер министрлігі 30 қараша және 15 желтоқсан деген мерзімдерді көрсеткен. Бұл даталарды Қазақстан билігі ресми түрде нақтылауы қажет.

Электронды рұқсат 180 күн бойы жарамды болады. Алайда оның негізінде Қазақстан аумағында 90 күннен артық болуға рұқсат етілмейді.

Ulysmedia.kz Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне осы мәселеге қатысты түсінік алу үшін сауал жолдады.