Журналист әрі «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровтың тергеу изоляторында отырғанына екі айға жуықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Журналистің жұбайы Венера Мустафина Омаровтың өзін қалыпты сезініп жүргенін және кітапханадағы кітаптарды оқып жатқанын айтты. Оның сөзінше, әзірге істің заңдық жағына қатысты жаңалық жоқ, адвокат жұмысын жалғастырып жатыр.
– Бірі қызығы – тергеу изоляторы кітапханасынан қажетті кітаптарды табу да оңай болмаған. Дегенмен ол Б. Акуниннің Фандорин туралы хикаяларының бір бөлігін, Р. Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 451 градус» романын, А. Беляевтың «Қосмекенді адам» және «Профессор Доуэльдің басы» шығармаларын қайта оқып шыққан..
Оқшауланған жерде кітап таңдауының өзі символдық мәнге ие екен. Солай емес пе? Ал мұндай жерде кітап оқу – адамға үлкен демеу. Азамат өзіне бейжай қарамай, қолдау көрсетіп жүрген барша жанға алғысын білдіреді. Сіздердің қолдауларыңыз оған күш беріп жатыр. Баршаңызға көп рақмет!» – деп жазды Мустафина.
Контекст
Еске салайық, Азамат Омаров шілде айында ұсталған еді. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру бойынша күдік келтіріліп отыр. Сот оның қамауға алынуына санкция берген.