Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бірден екі алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қазақстандық спортшылардың екі жүлдені де ат үстіндегі дәстүрлі күрес түрі — аударыспақтан жеңіп алды. 60 келіге дейінгі салмақта Нұрталап Керім финалда Қырғызстан өкілін жеңіп, ойындардың чемпионы атанды. Ал 70 келіге дейінгі салмақта Сайлау Мұхамеджан финалда қырғызстандық спортшымен белдесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл екі алтын медаль Қазақстан құрамасының биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алғашқы жүлделері болды.
Контекст
Аударыспақ — спортшылар ат үстінде күресіп, күшін, ептілігін, жылдамдығы мен төзімділігін сынайтын ұлттық спорт түрі. Қазақстанда бұл спортпен тұрақты түрде 11,5 мыңнан астам адам айналысады.
Еске салайық, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Оған 112 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Бағдарламаға ат спорты, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі садақ ату, күш және зияткерлік ойындар, сондай-ақ басқа да дәстүрлі жарыстарды қамтитын 43 спорт түрі енгізілген.