×
$
458.45
531.39
5.29
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.45
531.39
5.29

Қазақстандық мұнай магнатының немересі мен Қырғызстан кеденінің экс-басшысының ұлы үйленді

Бүгін, 18:24
Қазақстандық мұнай магнатының немересі мен Қырғызстан кеденінің экс-басшысының ұлы үйленді
Ulysmedia коллажы

Қырғызстандық БАҚ қазақстандық бизнесмен Жақып Марабаевтың немересі мен Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матрайымовтың ұлының дүркіреп өткен үйлену тойы туралы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. «ПолитКлиника» басылымының мәліметінше, салтанатты шара 30 тамызда Ташкенттегі бес жұлдызды Marriott қонақүйінде өткен.

Тойда жұлдыздар ән шырқады

Аймен Матраимовтың таңдаған жары – Самира. Ол Лейла Солтанбаеваның қызы әрі Жақып Марабаевтың немересі. Қырғыз басылымының жазуынша, тойға Қырғызстанның белгілі саясаткерлері, бизнесмендері мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Жогорку Кенештің бұрынғы депутаттары қатысқан.

Тойдың музыкалық бағдарламасында ресейлік әншілер Филипп Киркоров пен Люся Чеботина, сондай-ақ қазақстандық әнші RaiM өнер көрсеткен.

Жақып Марабаев – Қазақстанның мұнай саласындағы белгілі тұлғалардың бірі. Ол «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары әрі директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарған. Бұған дейін Қазақстанның Каспий теңізі секторын игеруге қатысқан «Қазақстанкаспийшельф» компаниясының вице-президенті және бас директоры болған. 1993 жылы компания құрамына ірі шетелдік мұнай компаниялары кірген халықаралық консорциумның операторы атанған.

Марабаевтар әулеті ірі инфрақұрылымдық жобалармен де байланысты. Жақып Марабаевтың ұлы Нұржан Kuryk Port Development компаниясын басқарады. Ал әулетке байланысты Semurg Invest компаниясы Құрық портындағы көпфункционалды «Саржа» теңіз терминалының иесі әрі девелопері саналады. Жоба құрамында астық, әмбебап жүк және өзге де терминалдар, сондай-ақ көлік-логистикалық орталық бар. Кешеннің есептік қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін жүк өңдеуге жетеді.

Қалыңдықтың анасы Лейла Солтанбаева Semurg Invest компаниясында корпоративтік директор болып жұмыс істейді. Сонымен қатар ол Seven Ltd компаниясының тең иесі.

Күйеу жігіттің отбасы туралы не белгілі?

Райымбек Матраимов – Қырғызстан Мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары. Ол кеден саласына 1997 жылы жүргізуші болып келген, ал 2015 жылы ведомство басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған.

Кейін оның есімі Қырғызстан кеденіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты журналистік зерттеулерде атала бастады. Матраимовқа «Раим-миллион» деген лақап ат берілген.

2020 жылы ол сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ұсталды. 2021 жылы сот Матраимовты кінәлі деп таныды.

Үкім шыққанға дейін ол мемлекетке 2 млрд сом өтеген. 2024 жылы Матраимов бұл жолы мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту және бұзақылық істері бойынша қайта қамауға алынды.

Кейін Қырғызстан ҰҚК төрағасы Камчыбек Ташиев Матраимов мемлекетке шамамен 200 млн доллар көлеміндегі активтерін бергенін мәлімдеді. Осыдан кейін ол босатылды.